Жылыту маусымындағы олқылықтар үшін шенеуніктерді жауапқа тарту ұсынылды
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Натальня Годунова елдегі ЖЭО-на жүргізілген аудит қорытындысы талқыланған Мәжіліс отырысында осындай ұсыныс жасады. Ол жылыту маусымындағы олқылықтар үшін жауапкершілік көзделмегеніне назар аударды.
Оның дерегінше, саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше мемлекеттік орган – Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері және әкімдіктер жүзеге асырады.
«Жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін қазіргі уақытқа дейін толыққанды құқықтық негіз жоқ. Жаңа заң жобасына үміт артамыз», деді Годунова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасының дерегінше мәселенің шешімі – жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру.
«Жылыту маусымына дайындық кезінде орталық мемлекеттік органдар тарапынан да, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да энергетикалық бақылаудың тиісті жүйесінің жоқтығы байқалады. Өңірлік деңгейге берілген жылу энергетикасы саласындағы жекелеген бақылау функциялары толық көлемде пайдаланылмай отыр», деді Наталья Годунова.
Айтуынша, Мәселен, кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополиялар субъектілері жылыту кезеңіне міндетті әзірлік паспорттаудан өтпеген. Сөйте тұра, аталған объектілер қысқы маусымда жұмыс істеген.
Наталья Годунованың дерегінше, жылыту маусымына дайындық кезінде энергия объектілеріне тікелей шығатын тексерулер жүргізу бөлігінде Кәсіпкерлік кодекстің қолданыстағы шектеулері энергия объектілерін толыққанды бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты, Жоғары аудиторлық палата Кәсіпкерлік кодекстің 129-бабында көрсетілген бақылау мен қадағалауды жүргізудің жалпы тәртібінен жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды шығару қажет деп санайды.
«Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте жылыту маусымына дайындықты бұзғаны және оны өту барысында жіберілген бұзушылықтары үшін лауазымды адамдардың (әкімдердің орынбасарларынан төмен емес) және энергия объектілерінің бірінші басшыларының жауапкершілігін регламенттеу керек», деді палата төрағасы.