Жылыжайлардың электр энергиясы мен газ шығындары субсидияланады – АШМ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Маусымаралық кезеңде жылыжай шаруашылықтарының электр энергиясы мен газ шығындары субсидияланатын болады. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Бизнес тарапынан түскен ұсыныстарды ескере келе министрлік осындай шешім қабылдаған.

«Бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологияларды сақтайтын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидия алудың негізгі талабы ретінде өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы қарастырылады. Ұлттық стандарт 2023 жылдың 1 мамырында бекітіліп, күшіне енді», делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта АШМ әкімдіктер қаулы негізінде бекіткен субсидиялық нормалар бойынша 1 га шығыстарды өтеуді көздеп отыр. Сонымен бірге АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту бойынша ҚазҒЗИ-да жабық топырақта көкөніс өндіру шығындарының ғылыми есептеулері жүргізілген. Оларға қатысты орташа көрсеткіштер есептеледі. Осылайша, өндірістік жылыжайлар ғана емес, өндіріс стандарттарына сәйкес келетін фермерлік кешендер де осы бағыт бойынша субсидия алуға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек қазақстандық жылыжайшылар тыңайтқыштарды, пестицидтерді, биоагенттерді, сондай-ақ суармалы суды, қияр мен қызанақ тұқымын сатып алуға субсидия алуына болады.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25% өтеу қарастырылған. Нәтижелерді ұлғайту үшін қазіргі уақытта нормативті 30%  дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада 1 225 га алаңда жабық топырақ құрылыстары жұмыс істеген. Оның 219 га өнеркәсіптік жылыжай болса, 1006 га фермерлік жерлер.

Сондай-ақ оқыңыз