Алматыда шілдеден бастап ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі тексеріледі
Алматыда 17 мыңға жуық ғимаратқа сейсмикалық аудит жүргізіледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, мегаполисте сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Қаладағы нысандарға сейсмикалық аудитті «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ және Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институты бірлесіп өткізеді. Жұмысты 2022 жылдың шілдесінде бастап, 2024 жылы аяқтаймыз», – деді Ерболат Досаев.
Айтуынша, қалада 2000 жылдан кейін салынған 16 701 нысан тексеріледі. Оның ішінде 1 641 көп қабатты тұрғын үй кешені, 15 060 қоғамдық нысан бар.
«2023 жылы 20 млрд теңгеге 16 әлеуметтік нысан сейсмикалық күшейтуден өтеді және 34 объектіні сейсмикалық күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Оның құны 1,2 млрд теңге», – деді мегаполис әкімі.
Жаңа сейсмикалық аудит Алматы қаласы объектілерінің паспорттарын оның кейінгі 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік береді.