Мегаполис қоғамдық көліктерінде жолақы құны өзгеруі мүмкін
Фото: kursiv.media
Алматы қоғамдық көліктерінде жолақы құны өзгеруі мүмкін. Бұл жайлы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Алматыдағы қоғамдық көліктерге қатысты баға тарифі саясатын өзгерту керек. Себебі бізде 2012 жылдан бері тасымалдау тарифі 80 теңге. Оның ауыспағанына 12 жыл болды. Қазіргі таңда біз осы мәселені қарастырып, барлық елдердегідей интеграцияланған тарифтер енгізуді жоспарлап отырмыз. Қыркүйек айына дейін бұл жұмыстар аяқталады деп ойлаймын», деді әкім.
Сонымен қатар әкім қала парктері жаңаратынын айтты.
«Қоғамдық көліктердің интервалы ыңғайлы болуы үшін қалаға қосымша жаңартылатын автобустардан бөлек, 700-800 жаңа автобус керек. Мұндай жағдайда қаладаға қоғамдық көліктер арасындағы интервал қысқарып, автобустар жиі жүре бастайды», деді ол.
Шаһар басшысы қаланың қай бөлігінде қоғамдық көлік жетпейтінін айтты.
«Қаланың жоғарғы аудандарында жағдай күрделі. Онда 285 бау-бақша серіктестігі бар. Ол жерде инженерлік дәліздер жоқ. Бұл қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтіреді. Ондағы қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді шешу үшін біз ауданға шағын автобустар жібердік», деді Ерболат Досаев.