«ҚазТрансГаз Аймақ» көрсететін құрылыс-монтаждау қызметі орынсыз – БҚДА

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылғы Құрылыс-монтаждау жұмыстары нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдап, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының үй ішілік газ желілерін табиғи газға қосу кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты қызметін орынсыз деп тапты.

Осылайша, Акционерлік қоғамның мердігерлері мен құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысатын тәуелсіз компаниялардың құнын салыстыра келе, бағалардың бір диапазонда екені анықталған. Тіпті кейбір өңірлерде «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік қоғамының мердігерлері ұсынған қызмет құны жеке компаниялардың ұқсас қызметтерінен де жоғары болған. Бағадағы бұл айырмашылықтың газдандыру қарқынына айтарлықтай әсері болмаған.

«Бұл ретте, «ҚазТрансГаз» «Аймақ» АҚ ұсынатын баға құрылыс-монтаждау жұмысы нарығында неғұрлым қолжетімді ұсыныстардың болуына байланысты, дамыған бәсекелестігі бар нарықтардағы бағаның индикаторы бола алмайды», делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ, мемлекеттің тікелей араласуынсыз газдандыру қарқынын жеделдету мақсатында БҚДА тарапынан тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданған. Осыған байланысты осы жылдың 22 маусымында БҚДА Акционерлік қоғамға құрылыс-монтаждау жұмыстары нарығында, оның ішінде осы жұмыстарды бөгде ұйымдардан сатып алу арқылы жүзеге асыруды тоқтату қажеттілігі туралы ұйғарым шығарған.

Нұсқаманы орындауға 15 күнтізбелік күн берілген.

Бұған дейін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ның «iD Net» қызметі бойынша ONT құрылғыларын жалға беруін тексеріп, компанияның модемді жалға алуды міндеттеп қоятынын анықтаған. «Қазақтелекомның» «iD Net» қызметін пайдаланатын клиенттер интернеттке қосылу үшін енді өз модемдерін қолдана алады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің «BilimLand», «Kundelik.kz», «Дарын.online» секілді оқу платформаларына негізсіз жеңілдіктер беріп келгенін хабарлады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Білім министрлігіне қатысты тергеп-тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша министрлікке қатысты монополияға қарсы заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз