Fitch агенттігі 2024 жылға жаһандық ЖІӨ болжамын төмендетті

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Fitch халықаралық рейтинг агенттігі жаһандық ЖІӨ өсімінің 2023 жылға арналған болжамын 2%-дан 2,4%-ға дейін көтерді. Наурыздағы болжам 2% болған.

Агенттік сарапшыларының болжамы бойынша, жаһандық экономика тұрақты болып қала береді. Алайда қазіргі инфляция жоғары уақытта орталық банктер жаңартылған Жаһандық экономикалық болжамға (GEO) сәйкес, алдағы айларда ақша-несие саясатын қатайтуды жалғастыруы керек.

«Ақша-несие саясатын қатаңдату факторының экономикаға әсері ұзақ болатындықтан, экономиканың 2024 жылғы өсіміне қатысты болжам нашарлады», – деді Fitch.

Агенттік 2024 жылға арналған жаһандық ЖІӨ өсімінің болжамын 2,4%-дан 2,1%-ға дейін төмендетті.

Fitch-тің биылғы болжамының жақсаруына дамушы нарықтардағы өсім әсер еткен.

Қытай экономикасының өсу болжамы 5,2%-дан 5,6%-ға дейін көтерілді.

«Кейінгі айларда Қытай экономикасының қалпына келуі біршама баяулады, бірақ тұтыну қалыпты жағдайға оралып жатыр және макроэкономикалық саясат жеңілдей бастады», – делінген хабарламада.

Қытайды қоспағанда, дамушы нарықтардың 2023 жылға өсу болжамы 2%-дан 2,9%-ға көтерілді. Бразилия, Үндістан, Мексика және Ресейге қатысты болжам жақсарған.

Fitch АҚШ-тың биылғы ЖІӨ өсімі болжамын 1%-дан 1,2%-ға дейін көтерді. Агенттік сарапшылары 2023 жылдың ІV тоқсаны мен 2024 жылдың І тоқсанында АҚШ экономикасында жеңіл рецессия болады деп күтіп отыр. Ал 2024 жылға арналған ЖІӨ өсу болжамы 0,8%-дан 0,5%-ға дейін төмендетілді.

Fitch-тің Еуроаймақ экономикасына қатысты болжамы өзгерген жоқ: агенттік аймақтың жалпы ішкі өнімі биыл 0,8%-ға, келесі жылы 1,4%-ға өседі деп болжайды.

«Аймақтағы газ дағдарысы баяулап келеді, бірақ ЕОБ саясатты қатайтуды жалғастыруда», – делінген шолуда.

Fitch сарапшылары әлі де Ұлыбритания экономикасында 2023 жылы рецессия болады деп болжайды.

Fitch Федералды резерв жүйесі мен Еуропа Орталық банкі алдағы айларда негізгі пайыздық мөлшерлемелерді тағы екі рет 5,75% және 4,5%-ға дейін көтереді деп тұжырымдайды. Ал Англия банкі мөлшерлемені ағымдағы 4,5 пайыз деңгейден 5,25% дейін көтеруі мүмкін.

Агенттік сарапшылары ФРЖ, ЕОБ және Британдық Орталық банк 2024 жылға дейін мөлшерлемені төмендетпейді деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз