Сот «Барыс» базарына қатысты Болат Назарбаевтың шағымын қанағаттандырмады
Фото: kursiv.media
Мемлекет меншігіне өткен «Барыс» базарын қайтарып алуға арыз берген Болат Назарбаевтың шағымы аппеляциялық сотта қаралды. Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Назарбаевтың талабын қанағаттандырмады. Бұл жайлы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жауапкер Н.-ның Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына қарсы апелляциялық шағымы бойынша азаматтық ісін қарады. Қарасай ауданының прокуратурасымен мемлекеттік мекемелерге, сондай-ақ азамат Н.-ға қатысты жер телімдерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану, жер учаскесіне меншік құқығы туралы мемлекеттік актілерді жарамсыз деп тану және жеке меншік құқығын мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінді», делінген хабарламада..
Сот Назарбаевқа ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты жер учаскелерін беру кезінде облыстық аумақтық орган мен жерге орналастыру жөніндегі орталық уәкілетті органдар арасында келісім жасалмағанын анықтады.
Сонымен қатар 2014 жылы жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы аудан әкімінің қаулысы жалпы аудан әкімдеріне белгіленген құзыреттілікті бұза отырып шығарылғаны белгілі болды. Себебі ол кезде аталған жер учаскелері Қаскелең қаласының меншігіне өткен болатын.
Осылайша, Қарасай аудандық соты 2023 жылдың 17 сәуірде қаулы шығарып, онда мемлекеттік мекемелерге, сонымен қатар азамат Назарбаевқа жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану және жер учаскелеріне меншік құқығын мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы прокурордың талап арызын ішінара қанағаттандырды.
Алайда соттың бұл шешімімен келіспеген жауапкер апелляциялық шағым түсірген. Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізділігін ескере отырып, өзгеріссіз қалдырды.
«Барыс» автобазары Алматы-Бішкек тас жолының бойында, Қаскелең қаласы маңында орналасқан. Ол жерде жүрген көліктер мен автобөлшектер сатылады.
«Барыс» базарынан бөлек Алматы облысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаев қызметке қойған әкім заңсыз қаулы шығарып, жайылымдық жерлер бүтін бір отбасының меншігіне өтіп кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты.
«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Онда 11 мың га жайылым бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысының салдарынан 11 мың га-ның 9 мың га жайылым бір отбасының жекеменшігіне өтіп кеткен. Әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленді. Осылайша, бір ауылдың жері бір отбасы мүшелерінің жекеменшігіне және жер пайдалану құқығына өткен», – деді ол.
Осы жылдың наурыз айында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын мемлекетке қайтаруға міндеттегені хабарланды.