Жаңалықтар

Оңтүстік астана автотұрақтарында күзде жаңа тариф енгізіледі – Досаев

Алматыда күзде ақылы тұрақтарға сараланған тариф енгізілуі мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев хабарлады.

«Алматылықтардың атына статистика бойынша 550 мың автокөлік тіркелген. «Сергек» арқылы күн сайын қалаға 250 мыңға жуық көліктің кіретінін көріп отырмыз. Демек, бір уақытта қалада 750-800 мың автокөлік болады. 2022 жылы бізге (әкімдікке – авт.) Almaty Parking-ті қайтарды. Бізде 12,5 мың көлікке арналған тұрақ орны бар. Ол қаланың тарихи орталығында орналасқан. Биыл Алматының бірыңғай тұрақ кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын аяқтаймыз. Оның ішінде қаладағы 8 ауданды қамтимыз», – деді Ерболат Досаев.

Қала әкімі көше бойында үнемі көлік тұратынын, алайда ол жердің тұрақ саналмайтынын айтып өтті.


«Қажетті инфрқұрылымды дайындап, оларды заңдастырғымыз келеді. Дифференциалды төлем жүйесінде тұрақ үшін қаланың орталығында қымбат қылып, орталықтан әрі қарай арзандай беретіндей еткіміз келеді. Бұл әлемде бар (тәжірибе). Жұмыста қыркүйекте аяқтап, дифференциалды төлем жүйесін күзде мәслихаттың қарауына енгіземіз. Барлық қаражат жергілікті бюджетке түседі. Сонымен қатар түскен қаражат аудандардың өзіне жұмсалады. Демек, қала қаражатты өзіне қалдырмайды, сол қаражат түскен ауданның бюджетіне беріледі», – деді мегаполис әкімі.

Айтуынша, ол қаражат аудандардың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.