Сирия бойынша Астанада келіссөздерді жалғастыруға өтініш түссе, Қазақстан бұл процесті қайта бастауы мүмкін – СІМ
Фото: kursiv.media
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Астана форматында өткізілетін Сирия мәселесі бойынша өтетін халықаралық кездесулердің не себепті аяқталғанын түсіндірді.
«Астана форматында өтетін 20-шы халықаралық кездесуді өз аумағында келіссөздер процесінің мәресі деп жариялауы келесіге негізделіп отыр. Бұл форматтың Женева процесіне қосымша келіссөздер алаңы ретінде құрылғаны және қақтығысты тоқтату үшін нақты практикалық міндеттерді шешуге арналғаны мәлім. Осы тұрғыда қазіргі уақытта оның деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы тәрізді бастапқы мақсаттары орындалды»,– делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуал түбегейлі өзгеріп, Араб мемлекеттерінің Дамаскімен қарым-қатынастарды қалпына келтіруге ұмтылыстары байқалады. Бұл орайда Сирияның Араб мемлекеттерінің лигасындағы мүшелігі қайтарылғанын айта кеткен де жөн. Сонымен бірге Түркия Республикасы да достас Сирия елімен өз қарым-қатынастарын оңалтуға ниетті.
«Осыған байланысты Сирияның аймақтағы оқшаулаудан біртіндеп шығуын Сирия бойынша Астана процесі аясында жұмсалған күш-жігердің зор нәтижесі деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, егер Астана форматындағы Сирия бойынша халықаралық кездесулерге қатысушылар тарапынан Астана қаласында келіссөздерді жалғастыру туралы ортақ өтініш түскен жағдайда, Қазақстан басқа алаңдардағы келіссөздердің барысын және жалпы Сириядағы жағдайды ескере отырып, бұл процесті ізгі ниет әрекеті ретінде қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға дайын»,- деп мәлімдеді СІМ.
Естеріңізге сала кетсек, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Қазақстан Астана процесі аясында өткен Сирия бойынша кездесуді соңғысы деп жариялаған болатын.
Сондай-ақ Сирия 10 жылдан астам уақыт бұрын тоқтатылған Араб лигасы мүшелігін қалпына келтірді.