Фото: kursiv.media
Жүргізуші куәлігін алатын қазақстандықтар енді офлайн форматта ғана оқытылады. Осыған қатысты арнайы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулыра енгізіліп, онлайн және қашықтықтан оқыту форматы алынып тасталды.
Атап айтқанда, «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Оқыту сапасын арттыру мақсатында онлайн және қашықтықтан оқыту нысандары жойылады. Оқытуды тек офлайн форматта жүргізу ұсынылады. Бұл шаралар жүргізушілерге үміткерлердің сабаққа қатысуын бақылауға және сол арқылы пәндер бойынша үлгерімді арттыруға мүмкіндік береді», делінген құжатта.
Сонымен бірге құжатқа сәйкес көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі білім беру ұйымдарын тіркеу және оқу топтарын есепке алу жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Автокөлік құралдарының жүргізушілерін оқыту тәртібіне де міндеттемелер енген. Соған сәйкес теориялық, практикалық сабақтар жүргізіліп отырады. Әрбір пән бойынша теориялық сабақтар күніне екі сағаттан, ал практикалық сабақтар алты сағаттан аспайтындай жоспарланады.
«Ашық НҚА» порталында бұл құжат 10 шілдеге дейін талқыланады.