2023 жылы Алматыда АИТВ жұқтырғандарды дәрі-дәрмекпен қамтуға 1,9 млрд теңге бөлінген
Фото: kursiv.media
2023 жылы АИТВ жұқтырған Алматы қаласының емделушілеріне мемлекеттік бюджеттен тегін берілетін дәрі-дәрмектерді сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы Алматы қаласы АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Марат Төкеев мәлімдеді.
Алматыда АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес орталығында АИТВ індетін жұқтырған 4429 адам есепте тұр. Қалада жылына 400-500 адам АИТВ жұқтырғанын біледі екен. 2022 жылы бұл ауруды жұқтырған 499 қала тұрғыны анықталса, 2021 жылы 467 адам анықталған. АИТВ орталығының мамандары жыл сайын 450 000-ға жуық адамға АИТВ талдауын жасайды.
«Осылайша, мегаполистің 5-20% халқы яғни бестен бір бөлігі біздің назарымызда. Оның ішінде болашақ аналарға ерекше назар аударылады. Олар жүктілік кезінде екі рет АИТВ-ға тексеріледі. Мысалы, 2022 жылы 50 мыңнан астам жүкті әйел АИТВ-ға тексеріліп, 24-і оң нәтиже берді. Мұндай жағдайларда біздің міндетіміз – балаға АИТВ дертін жұқтырмау. Егер ана дәрігерлердің барлық ұсыныстарын орындаса және антиретровирустық препараттарды қабылдаса, онда АИТВ-ны нәрестеге беру қаупі 0-2% дерлік төмендейді»,- дейді орталық директоры.
Жалпы АИТВ диагнозы анықталған кезде дәрігерлер бірінші кезекте инфекцияға қатысты фактілерді анықтауға кіріседі. Сондай-ақ кешіктірместен ДДҰ мен Денсаулық сақтау министрлігінің халықаралық хаттамаларына сәйкес антиретровирустық терапия тағайындайды. Бұл мақсаттарға мемлекет бюджетінен қаражат бөлініп дәрі-дәрмек тегін беріледі.
«Алматы қаласының емделушілері үшін 2023 жылға мемлекеттік бюджеттен тегін берілетін дәрі-дәрмектерді сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Вирусқа қарсы терапиямен қамту 85%-ды, терапияның тиімділігі шамамен 90%-ды құрайды. Дәрі-дәрмек көмегімен адам ағзасындағы вирустың концентрациясын нөлге дейін төмендетуге болады. Мұндай жағдайда вирустың басқа адамға берілу қаупі және иммундық жүйе үшін ауыр зардаптардың ықтималдығы төмендейді. Емдеу нәтижесінде 2022 жылы бұл індет салдарына қатысты өлім-жітім екі есеге азайды», дейді Марат Төкеев.
Халықтың негізгі топтары арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу үшін мемлекеттің қаржыландырумен «Зиянды азайту» бағдарламасы да жүзеге асырылады екен. Орталық басшысы бұл мақсаттарға жылына 100 миллион теңгеге дейін бөлінетінін айтты. Ол сонымен бірге Орталық клиникалық ауруханада болған жағдайға да тоқталып өтті:
«Қалалық АИТВ орталығының белсенді профилактикалық іс-шаралары аясында Орталық қалалық клиникалық ауруханада қаламызда бұрын-соңды болмаған жағдай анықталды. Дәл осы стационарға түскен науқастарды, оның ішінде рецепиенттерді тестілеудің қазіргі жүйесінің арқасында екі науқас бір стационарда медициналық көмек алғаны белгілі болды. Осы ақпаратты алғаннан кейін Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті дереу жүргізіліп жатқан манипуляцияларды бақылауға алып, қауіп факторларын анықтауға кірісті. Жұмыс қорытындысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарлау туралы шешім қабылданды. Ауруханада байланыста болған науқастарды тексеру шаралары шұғыл қолға алынды. Эпидемиологиялық тексеру аясында жүргізілген белсенді іздестіру нәтижесінде АИТВ инфекциясы анықталған тағы бір науқас анықталды. Олармен байланыста болған адамдарды іздеу және тексеру жалғасуда. Сонымен қатар, бұл науқастардың медициналық бағыты бойынша барлық медициналық ұйымдар тексеріледі. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша тергеу комиссиясы жұмыс жасап жатыр. Тергеу күшейтілген бақылауда, жұмыс нәтижесі кейінірек жарияланады», деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, АИТВ-ның 3 жағдайы анықталған Орталық клиникалық ауруханада жоспардан тыс тексеру басталған болатын.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрлік Алматыдағы қалалық ауруханада үш адамның АИТВ жұқтыруына кінәлілерді іздеп жатқанын мәлімдеді.
Тексеру барысында барлық пациенттердің 2023 жылдың сәуір айында ОКҚА-ның бірнеше бөлімшелерінде медициналық көмек алғаны анықталды.