Мектепке бөлінген 57,5 млн теңгені жымқырған құрылыс компаниясы басшысына үкім шықты
Фото: kursiv.media
Алматы облысында құрылыс компаниясының басшысы екі мектепті жөндеу кезінде 57,5 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлайды.
2020 жылдың мамыр айында Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімі мен «ПМК-7К» ЖШС арасында жалпы сомасы 855 млн теңгеге «Сарыбастау» мен «Қарағаш» ауылдарындағы екі мектепте күрделі жөндеу өткізуге шарт жасалған.
Құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс компаниясының басшысы жобалау-смета құжаттамада көзделген жұмыстардың бір бөлігін орындамай, орындалған жұмысқа жалған акті жасап, аса ірі мөлшерде қаражат жымқырған.
«Оның қылмыстық әрекеті нәтижесінде ЖШС-тің есеп айырысу шотына 57,5 млн теңге сомасында ақша заңсыз аударылды», делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Тергеу нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, айыптау үкімі шықты. Сонымен қатар, сотталушы мемлекетке келтірілген 57,5 млн теңге сомасындағы залалды толығымен өтеді.
Бүған дейін Алматы облысында мектеп 15 млн теңгеге сатылып кеткені белгілі болды.