Елімізде қылмыс деңгейі төмендеді – Бас прокуратура

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде қылмыс 17% – ға азайған. Бұл жайлы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысында Бас Прокурор Берік Асылов айтты.

Отырыс барысында қадағалау органының басшысы прокурорлардың негізгі күш-жігері азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес, қылмыстық процесті жаңғырту, азаптаудың алдын алу, бизнесті қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға бағытталғанын атап өтті.

«Өткен кезеңде ел бойынша қылмыс деңгейі 17%-ға яғни 74650-ден 61442-ге дейін төмендеді. Прокуратураның үйлестіруімен аймақтардағы қылмыстық жағдайға нақты әсер еткен 10 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Сонымен қатар, бірлескен шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 30 зертхана жойылды» деді Бас прокурор.

Берік Асылов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге Бас прокурор экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимылды басты міндеттердің бірі деп атады. Жақында Парламентпен қабылданған тиісті заң жобаларының топтамасын іске асыру шеңберінде активтерді қайтару жөніндегі жұмысты тиісті ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Енгізілген өзгерістер барысында Бас прокуратура жанынан елден заңсыз шығарылған мүліктік және өзге де игіліктерді қайтару жөнінде жеке бейінді ведомство құрылады. Бұл органға басқа мемлекеттердің соттарында, халықаралық арбитраждарда Қазақстанның мүдделерін білдіру, талап-арыз беру, шоттарға, мүлікке тыйым салу туралы өтінішхаттар енгізу және өзге де әрекеттерді жүзеге асыру өкілеттіктері беріледі.

Сондай-ақ жиында азаптаудың алдын алу мәселелері қаралып, оның алдын алу мақсатында заңнамалық және практикалық шаралар қабылданғаны да айтылды. Оның бір шешімі ретінде адамды ұстаған сәттен бастап, міндетті бейнетіркеу қарастырылатын болады. Колонияларда, тергеу изоляторларында және тергеу органдарының қызметтік үй-жайларында бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі. Стамбул хаттамасының стандарттары бойынша азаптау туралы істерді тергеу әдістемесі әзірленді.

Бүгінгі таңда азаптау фактілері бойынша күштік органдардың 35 қызметкеріне қатысты іс сотқа жіберіліп, 17 адам сотталған.

Сондай-ақ оқыңыз