Стати ісі Қазақстан пайдасына шешілмеді – Әділет министрлігі
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
2021 жылы шетелдік юрисдикцияға өтіп кеткен Jusan Group-ты шетелдік қожайыны өз еркімен қайтарған. Бұл жайлы ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев айтты.
Журналистер халықаралық дауға ұласқан бұл істің қалайша тез арада шешілгенін сұрады. Алайда Әділет министрі бұл істің барысы емес, нәтижесі маңыздырақ деп санайды.
«Әділет министрлігімен және басқа да құзырлы органдармен тиісті шаралар атқарылып, «Жусан» тобы елге қайтарылды. Мұнда бұл істің жүргізілу барысы емес, ақырғы нәтижесі маңызды деп ойлаймын. Банк кезінде мемлекет пен еліміздің атқарушы органдарының бақылауынан толық шығып кеткен болатын. Мемлекет тарапынан тиісті шараларды жүзеге асыру арқылы Jusan Group Қазақстан бақылауына өтті. Атқарылған жұмыстар барысында келісімге қол қойылды. Екі тарап өзара міндеттер алды. Жусан тобы мемлекет көрсеткен ақшалай көмекті қайтаруға және оқу бағдарламаларын қаржыландыруға келісті. Мұның өзі – үлкен жетістік. Бұл келісім ерікті түрде жүзеге асты»,- дейді министр.
Ал нәтижесі Қазақстан пайдасына шешілмеген тағы бір халықаралық дау – Стати ісі әлі аяқталмаған.
«Бұл іс бойынша негізгі сот 2013 жылы болып, шешім шығып қойған. Өкінішке қарай сот Қазақстан пайдасына шешілмеді. Швед арбитражды соты шешім қабылдады. Қазақстан бұл шешімге қатысты екі рет қарсы арыз берді. Алайда ол шаралардан ештеңе де шықпады. Қазіргі уақытта әртүрлі юрисдикцияларда мүлікті алып қою және тәркілеу әрекеттері жүріп жатыр. Қазақстан өз тарапынан қарсы шаралар қолданып, бұған жол бермеуге тырысып жатыр«, дейді министрлік басшысы.
Кей деректерде 2017 жылы желтоқсанда New York Mellon банкі Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны туралы айтылады. Қазақстан үкіметі бұғатталған қаржы көлемін 530 млн долларға дейін азайта алған деген де ақпарат бар. Алайда Әділет министрі Қазақстанның бұғатта тұрған қаражаты жоқ екенін айтты.
Әділет министрлігінің баспасөз қызметі Стокгольм арбитражы шығарған шешімнің күшін жоюға арналған жұмыстар әлі де жалғасып жатқанын хабарлаған.
Ал осы жылдың ақпан айында Амстердам соты ағайынды Анатол мен Габриэль Стати және «Стати» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» қарсы шағымы орынсыз деп тапты. «Самұрық-Қазына» қорының хабарлауынша, сот кәсіпкерлерге Ұлттық әл-ауқат қоры мен Қазақстан Республикасының сот шығындарын төлеуді міндеттеген.