Каспий теңізінде талшықты-оптикалық желі жүргізу үшін қазақ-әзірбайжан бірлескен кәсіпорны құрылады
Каспий теңізінің түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салу және пайдалану үшін бірлескен кәсіпорын құрылады. «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» арасында тиісті келісімге қол қойылды.
Қазақстан мен Әзірбайжанның жетекші телеком-операторлары арасындағы мәміле Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Баку қаласына сапары аясында жасалды. Құжатта жобаны іске асыру шеңберінде әр тараптың атқаруы тиіс іс-әрекеттері анықталып көрсетіледі.
Бұл желі Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық телекоммуникациялық дәліз құруды көздейтін «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) ауқымды жобасының бөлігі болады.
«Қазақтелеком» АҚ коммуникациялар департаментінің ақпаратына сәйкес, тараптар болашақ су асты желісінің жоғары деңгейлі HLD (high-level design) дизайнын әзірлеп, жобаны іске асырудың егжей-тегжейлі жол картасын бекітті.
Келісімге түсініктеме бере отырып, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев «Қазақтелеком» және «AzerTelecom» өздерінің тиісті салаларындағы көшбасшылар ретінде осы жобаның трансформациялық әлеуетін жоғары бағалайтынын және оны жүзеге асыру үшін күш біріктіргенін атап өтті.
2022 жылы Қазақтелеком AzerTelecom компаниясымен суасты байланыс желісін бірлесіп салу туралы келісімге қол қойған.
Самұрық-Қазына қорының ақпаратына сәйкес, Транскаспий каналының негізгі бағыты Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазанына дейін өтеді және 340 шақырымнан асады. Сонымен қатар ұзындығы 330 шақырымға жуық резерв желі қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынады.
Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды, өйткені оны іске асыра отырып, ел халықаралық трафикке қосымша шығу жолын және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға ие болады, әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығады.
«Қазақтелеком» АҚ инфокоммуникациялық қызметтердің кең ауқымын көрсететін Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы болып табылады.
AzerTelecom – Әзірбайжанның жетекші көтерме телекоммуникациялық операторы. Компания NEQSOL Holding халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді