Қазақстан Орнықты дамудың жаһандық рейтингінде 12 сатыға көтеріліп, 65 орынға шықты
Қазақстан Орнықты дамудың жаһандық рейтингінде 12 сатыға көтеріліп, 65-ші орынға шықты. Бұл жайлы Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысында Ұлттық экономика Әлібек Қуантыров айтты.
«Кембридж университеті жасаған рейтингке сәйкес, Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша елдердің жетістіктері анықталады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ықтимал 100 баллдан 71,1 балл жинап, 2019 жылмен салыстырғанда 77-інші орыннан 65-інші орынға дейін, яғни 12 орынға көтерілді. Индекске сәйкес, елімізде алты мақсат бойынша қол жеткізу жағына қарай оң үрдіс байқалады. Бұл ретте, Қазақстанның Түркия, Малайзия және Өзбекстан сияқты елдерден озық тұрғандығын айта кету керек», деді министр.
Жалпы орнықты даму мақсатының тарихы 2015 жылдың 25 қыркүйегінен бастау алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде әлем көшбасшылары 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы Күн тәртібін қабылдады. Осылайша әлем мемлекеттерінің басшылары адамзатты кедейліктен арылтуға, болашақ ұрпақ үшін көркейген планетаны сақтауға, сондай-ақ ашық және инклюзивті қоғам құра отырып, барлығына лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге әзір екендігін жариялады.
Қазақстан ОДМ бағдарламасына сәйкес бес бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Біріншісі – «Адамдар» тобы – кедейлікті, гендерлік теңдік, салауатты өмірді, білім беруді қамтамасыз ету, екіншісі – «Өркендеу» – инклюзивті өсу және экономикалық өзгерістер мәселесі, үшіншісі – «Планета» – құрлық пен су ресурстарының экожүйелерін ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруімен күрес болса, төртіншісі, «Бейбітшілік» – қауіпсіз және бейбіт қоғам, мықты институттар, сот төрелігін қамтамасыз ету, бесіншісі – «Серіктестік» – орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.
«ОДМ бойынша біздің міндеттерімізді өз деңгейінде орындау халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және елдің халықаралық имиджін арттыруға, өңірдегі көшбасшылыққа және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына кіруге сөзсіз ықпал ететін болады. Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша институционалдық негіз құрылған», деді Әлібек Қуантыров.
Бұл бағыттар бойынша жергілікті әкімдіктер жанынан өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс топтары құрылған. Сонымен бірге қазіргі уақытта Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлік орталығын Алматы қаласында құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
ОДМ индикаторларының дерекқорын жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүргізеді.