Фото: kursiv.media
Биыл заң жобалау жұмыстары бойынша 27 заң жобасы әзірленеді. Бұл жайлы Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді.
«Ағымдағы жылы заң жобалау жұмыстарының жоспарында 27 заң жобасын әзірлеу көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық: 8 заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында, тағы 6 заң жобасы айдың соңына дейін енгізілетін болады», деді министр.
Атап айтқанда, Әділет министрлігі Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі бойынша 3 заң жобасын әзірлеген.
Ал депутаттық корпус статистика, байланыс, цифрландыру, орман шаруашылығы, селекциялық жетістіктер және тұқым шаруашылығы, ұлттық қордан балаларға төлемдер, онлайн жарнама, кәсіподақтар, заңсыз шығарылған активтер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы және салық төлемдері туралы кодекстер мәселелері бойынша 18 заң жобасына бастамашылық жасаған.
«Жыл басынан бері Комиссия заң жобалары тұжырымдамасының 4 жобасын, Үкімет қаулыларының 3 жобасын, реттеуші саясаттың 8 консультациялық құжатын, Парламент депутаттары бастамашылық еткен заң жобаларына Үкіметтің 26 қорытындысын қарады», дейді министрлік басшысы.