Қазақстандықтардың елдегі денсаулық сақтау мен білім беру саласына көңілі толмайды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Kursiv.media

Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлердегі халықтың дауыс беру нәтижесінде 17 көрсеткіштің бесеуіне тұрғындардың көңілі толмайды. Бұл туралы Сенатта өткен Орнықты даму мақсаттарына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның алғашқы отырысында мәлім болды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жасаған баяндама тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, қазақстандықтар жақсы денсаулық және әл-ауқат; сапалы білім; кедейлікті жою; лайықты жұмыс және экономикалық өсу; таза су және санитария жөніндегі мақсаттар бойынша билік тарапынан атқарылып жатқан шараларға көңілі толмайтыны мәлім болды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҰЭМ Әлібек Қуантыровқа сауал қойып, қандай көрсеткіштердің нашарлауына байланысты соңғы 4-5 жылда Қазақстанның рейтингі төмендеп бара жатқанын айтып, сауалнама нәтижесімен ведомства «келісе ме?» деп сұрады.

«Әрине келісеміз. Мұнда аталғандардың барлығы ең өзекті проблемалар. Сауалнама жүргізудің де мақсаты осындай өзекті мәселелерді анықтау, терең зерделеу болатын. Үкіметтің жұмысы да осымен байланысты. Соңғы жылдары кедейлікті жою мәселесі ушығып тұр. Білім беру, денсаулық сақтау секілді қызметтерге халық аса мұқтаж болып отыр», деді Қуантыров.

Дегенмен, Мәулен Әшімбаев Орнықты даму мақсаттарының әлемдік прогресс рейтингінде Қазақстанның позициясы төмендеп отырғанына назар аударды.

«Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаңа баяндама жариялады. Соған сәйкес біз шамамен 2020 жылғы деңгейге дейін төмендедік. Бұл елімізде орнықты даму саласы бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін салалар бар екенін көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның сөзінше, орнықты дамудың ұлттық мақсаттарына нәтижелі қол жеткізу үшін Парламент пен Үкіметтің бірлесіп, тиімді жұмыс жүргізуі маңызды. Ең алдымен, Орнықты даму мақсаттарының 2030 жылға дейінгі ұлттық индикаторларын нақтылау қажет.

«Қазір олардың кейбірі әлі айқындалмай отыр. Бұл негізгі мақсатқа қол жеткізуге және тиімді мониторинг жүргізуге кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар Парламенттік комиссия мүшелері алдағы жылдары орнықты даму саясатын тиімді іске асыру үшін қажетті заңнамалық бастамаларды да көтеріп, әзірлеуге мүмкіндік бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз