Қазатомөнеркәсіптің басшылық құрамы өзгерді
Фото: kazatomprom.kz
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ топ-менеджерлерінің құрамы өзгерді. Қуаныш Омарбеков 2023 жылғы 23 маусымнан Қазатомөнеркәсіптің өндіріс жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалды.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, Омарбековтың міндеттеріне Компанияның және еншілес кәсіпорындардың геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жер қойнауын пайдалану, тау-кен дайындау жұмыстары, уран өндіру және қайта өңдеу, өндірістік активтерді басқару мәселелері бойынша қызметін үйлестіру және бақылау кіреді.
Қуаныш Омарбеков 2011 жылдан бері «KAP Logistics» ЖШС-те әртүрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, оның ішінде 2018-2022 жылдар аралығында «KAP Logistics» ЖШС-тің бас директоры болған. Омарбековтың «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалғанға дейінгі соңғы жұмыс орны – «Ақбастау» БК» АҚ, онда Қуаныш Омарбеков 2022 жылғы желтоқсаннан бастап бас директор қызметін атқарды.
Қазатомөнеркәсіп – 2022 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 22%- ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топ саладағы ең ірі уран қорына иелік етеді. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан.
Компанияны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарады.
21 маусымда «Қазатомөнеркәсіп» жаңа директорлар кеңесін сайлаған болатын.