Франшиза сатып алмас бұрын қоюыңыз керек 15 сұрақ

Жарияланды
документы
Shutterstock

Франшиза алып, бизнесті бастап кеттіңіз. Бірақ жүргізе келе түрлі қиындық кездесіп, күтпеген мәселелер туындап жатыр. Бұған не себеп? Көбіне тосын ньюанстар тәжірибенің болмауынан яки франчайзерге көп сұрақтың қойылмай қалуынан болады. Бүгінгі материалымызда франшиза алмас бұрын бизнес иесіне сұрауыңыз керек дүниелерді айтамыз. Олай болса, франчейзерге қойылуға тиіс 15 сұрақты тізіп шығайық.

  1. Сіз кімсіз, франчайзер? Әрине, әлдебір кәсіптің франшизасын алмас бұрын ол компанияның тарихын жақсы білген дұрыс. Көбіне мұндай ақпарат ашық дереккөздерде толып тұрады. Дегенмен франчайзермен осы туралы жақсылап сөйлескен абзал. Оның алдында кім басқарды? Кредит тарихы қандай? Онымен байланысы болуы мүмкін франшизалар бар ма? Жалпы олар кімдер — осыны анықтап алыңыз. Ол туралы БАҚ-та жазылған мақалаларды шолып шығыңыз. Әлеуметтік желідегі парақшаларын қарасаңыз да, біршама ақпарат аласыз. Сонымен бірге алдағы бес жылдыққа жасаған жоспарымен де танысыңыз. Даму стратегиясын білгеніңіз жөн. Бұл сұрақтарды қоюға еш қымсынбаңыз. Өйткені сіз келісімшартқа қол қойып, белгілі бір сомаға сатып алып жатсыз. Сол себепті франчайзер туралы мейлінше көп білгеніңіз өзіңізге жақсы. Кәсіби маман болса, бұл сауалдарға жауап беруден қашпайды.  
  2. Қазір бұл франшизамен тағы кімдер жұмыс істеп жатыр? Қойылуға тиіс келесі сұрақ осындай. Серіктестерінің санын біліп, мекенжайын, байланыс нөмірін алыңыз. Олармен тілдесіп, пікір алмасқаныңыз дұрыс. Егер франчайзер өзіне сенімсіз болса, онда байланыс нөмірін бермей қояды. Бұл сізге ойлану керек деген сигнал деп біліңіз. 
  3. Франчайзердің өзі табысты кәсіпкер ме? Бұл сауалды қоюдан да қысылмаңыз. Өйткені өзі табысқа жетпеген адам сізді қалай жетелеп, ұшпаққа шығарады? Жаныңызға есепші, заңгерлерді ертіп, қаржы есептерін қарап шығыңыз. Франчайзердің компаниялары қаншалықты табыс әкелген — көріңіз. 
  4. Франшиза пакетіне не кіреді? Барлығын үтір-нүктесіне дейін сұрап, біліп алыңыз.
  5. Франшиза арқылы ашылған және жабылған жерлердің саны қанша? Оған не себеп? Әрине, жабылған жерлер туралы ақпаратты өз аузынан ала алмауыңыз мүмкін. Әйтсе де, қазір істеп жатқан серіктестес франчайзилермен сөйлесіп, анықтап көрсеңіз болады.
  6. Қанша инвестиция құюым керек? Бұл да маңызды сұрақ. Өйткені біржолғы төлем мен жарияланған инвестиция көлемінен бөлек, басқа да шығындар болады. Сондықтан оның бәрін алдын-ала біліп, шамаңызды байқап алған жөн. Біріншіден, роялти туралы. Ол қалай қалыптасады? Айналымның пайызы ма, табыстың пайызы ма? Кейде белгілі бір соманы бекітетіндер де болады. Өзіңізге қолайлысы қайсысы, оны да жақсылап ойланыңыз. Көбі бекітілген төлем жақсы, бәрін біліп отыруға болады дейді. Әйтсе де, кейде оның көлемі айналымнан әлдеқайда жоғары болып кетуі мүмкін. Сондықтан осы тұстарды сатып алмас бұрын ойластырған дұрыс. Өйткені жұмыс басталып кетіп, қол қойылған соң оны өзгерте алмауыңыз ғажап емес. Маркетиң төлемдері бар ма? Болса, көлемі қандай? Франчайзерден айына сатып алып отыру керек нәрселер бар ма? Мысалы, қызметкерлерге арналған қолғаптарды тек франчайзерден алуыңыз керек болды делік. Ал оның сататын бағасы нарықтағыдан екі есе қымбат болуы да мүмкін. Бәрін алдын-ала сөйлескеннің жақсы жері осы. 
  7. Жалпы инвестиция көлемі қандай және қаншалықты ақтайды? 10 миллион теңге салып, бір жылда қайтарып аласың деген құрғақ сөзге сенуге болмайды. Сандарға есеп жүргізіңіз. Жақсылап санап шығыңыз. Өзіңіз есепке жүйрік болмасаңыз, маман тартқан дұрыс. Өйткені бұл қадам өте маңызды. 
  8. Операциялық жетекшілік ете ме? Сұрап алыңыз. Шама келсе, жетектегені дұрыс. Келісуге тырысыңыз.
  9. Жеткізушілер тізімі қандай? франчайзер белгілі бір тізім бере ме, әлде өзіңіз таңдағандардың ішінен бекіте ме? Басынан анықтап алған дұрыс. Өйткені көбіне франчайзерлер бұрыннан бері жұмыс істесіп келе жатқан серіктестері болады. Әрине, сенімді адам болғаны жақсы. Дегенмен сізге қалтаға салмақ көбірек түсіретін болса, басқа да нұсқаларды қарастырып көрген жақсы. 
  10. Маған қандай міндеттемелер артылады? Бұл мәселеге франчайзилердің дені әбден істі бастап, келісімшартқа қол қойғаннан кейін барып бас қатырады. Ал негізі ертерек қамданған дұрыс. Өйткені елемей жүре берсеңіз, міндетіңізді дұрыс атқармағаныңыз үшін келісімшартты бұза салуы мүмкін.
  11. Франчайзер қандай уәде беріп отыр? Бизнесті жүргізіп кету үшін франчайзерден сізге не керегін өзіңіз жақсы білгеніңіз дұрыс. Сонда әлдебір талап-тілектеріңізді жеткізе аласыз. Сондықтан алдын-ала тізім жасап, болашақ серіктесіңізге соны көрсетіңіз. Мәселен мынадай: Жоспар бере ме? Оқытып, үйрете ме? Оқу бір реттік пе әлде тұрақты өтіп тұра ма? Локация таңдауға көмектесе ме, әлде тек бекіте ме? Қандай маркетиңдік қолдау көрсетеді? Маркетиң күнтізбесін сұраңыз. Шама келсе, алдағы бір жылға не кемінде жарты жылға жасалып қойғаны дұрыс.  Шығындарды бақылап, өнімділікті арттыру үшін қандай құралдарды қолданады? Осының бәрі келісімшартта көрсетілуін қадағалаңыз. 
  12. Тауар белгісі тіркелген бе? Көпшілікке таныс тауар белгісі — франшиза арқылы жұмыс істегендегі басты артықшылықтардың бірі. Маңыздысы сол: көпшілікке етене таныс болғанымен қоса, заң жүзінде тіркелген болуы керек.
  13. Франшизаны туыстарыма берсем бола ма? Келісімшарт қалай жұмыс істейді? қандай жағдайда бұзылады? Келісімшарт мерзімі аяқталған соң не болады? Таныс-достарға франшизаңызға сатқыңыз келсе, сата аласыз ба? Қарызға кіріп кетпейтіндей келісімшартты қалай бұзуға болады? Осы сан сұрақтың жауабын алу үшін келісімшарт жасасқан кезде мұқият болу керек. Негізі франчайзердің келісімін алмай-ақ біреуге сатуға, беруге болады. Бірақ ол үшін барлығын тайға таңба басқандай анық көрсетіп жазу керек. 
  14. Жарнама жасайтын жұлдыздармен сізге де жұмыс істеуге бола ма? Көбіне франчайзерлер белгілі бір селебритиді пайдаланып, жарнама жасатады. Егер сондай жұлдыз-серіктес бар болса не алда қосылуы мүмкін десе, оны шақырып, жарнама жасата аласыз ба? Ол үшін франчайзерді жазбаша келісімі керек пе? Құны қандай? Қаншалықты жиі жасатуға болады? Бұларды да келісімшартта көрсетіңіз. 
  15. Қанша табыс табамын? Болуы мүмкін табыстың бәрін тізіп, ақпарат алып алыңыз. Біріншіден, әрине мұны франчайзерден сұратасыз. Екіншіден, франчайзилерге барыңыз. Үшіншіден, өзіңіз не есепші арқылы сол деректерді қарап шағыңыз. Қаншалықты табысты болады? Әлде бәсекелестердің ұсынысы жақсырақ па?

Кәсіпкерден кеңес

«Біз Global Coffee кофеханасын ашқан соң, бір жылдан кейін ғана франшиза сата бастадық. Осы уақыт аралығында қаншалықты табыс әкелетінін қарадық, қатемен жұмыс істедік. Негізі Қазақстанда франшиза сату өте оңай. Әлдебір өнімді еш қиындықсыз нарыққа шығаруға болады. Бірақ маңыздысы сол — франшизаның өзі өте табысты болуы керек. Сатып жатқан серіктестерді бэк офис, тауармен қамтамасыз ету секілді мәселенің бәрін толық дайындау қажет. Содан кейін барып франшиза сатуға кірісуге болады. Ең дұрысы, кемінде алты ай жұмыс істеп, пайда әкелген соң франшиза нарығына шыққан дұрыс деп ойлаймын. Ал енді жергілікті жағдай туралы айтатын болсақ, біздің басты фокус — аймақтарда. Елордадан филиалдарымызды ашқанымызға — үш жыл, Алматыдан ашылғанымызға бір жыл болды. Оған дейін шағын қалалар мен аудандарда болған едік. Меніңше, егер нарыққа кіргіңіз келсе, әзірге дамымаған, осы шағын аймақтардан бастаған дұрыс» дейді Global Coffee желілерінің негізін қалаушылардың бірі Аят Азимов.

Сондай-ақ оқыңыз