Жаңалықтар

Мемлекеттік төңкеріс: «Вагнер» жалдамалы әскері Ресейге қарсы шабуылдады

concordgroup_official

Ресейде, «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырды, деп хабарлайды Медиазона.

Жағдай 23 маусым күні ушықты. Сол күннің кешінде «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігін өзінің жалдамалы әскерінің «арттағы лагерлеріне» зымырандық шабуыл жасады деп айыптады. Осыдан кейін «Вагнер» жетекшісі кек қайтаратынын мәлімдеді.

Ал Пригожиннің баспасөз қызметі қызметі әскрилерді бұл жағдайға араласпауға шақырып, «жалдамалыларды тоқтатуға тырысқандардың әскери техникасын қиратамыз» деп үндеу жариялады.

Осы үндеулерден кейін шамамен бір сағат өткен соң президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің «Пригожин төңірегінде болып жатқан жағдайдан хабардар» және «барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын» мәлімдеді.

Терроризмге қарсы ұлттық комитет Пригожиннің мәлімдемесінен кейін ФСБ қызметінің қарулы көтеріліске қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Мұны кейін мемлекеттік прокуратура да растады.

Пригожин шекараны кесіп өтіп, Дондағы Ростовқа кіргенін, шекарашылардың қарсылық көрсетпегенін айтты.

Ресей әскерінің генералдары Пригожинді «әскерилерін тоқтатып, Путинге бағынуға» шақырды. Генералы Сергей Суровикин министрлікке қарсы 25 000 жалдамалы әскерімен қарыс шыққан Пригожинді «бәрін бейбіт жолмен» шешуге шақырды.

«Мен Вагнер ПМК басшылығына, командирлеріне және жауынгерлеріне өтініш айтамын. Сіздермен бірге біз қиын, қиын жолдан өттік. Бірге күрестік, тәуекел еттік, жеңіліс көрдік, бірге жеңдік. Екеуміздің қанымыз бір. Біз жауынгерміз. Мен сіздерді тоқтатуға шақырамын», – деді Суровикин.

Бұл жағдайға байланысты Ресейдің Украинамен шекаралас қалаларына әскер тартыла бастады. Ростов губернаторы халықты үйден шықпауға шақырды.

Түсіндіре кетсек, Евгений Пригожиннің жалдамалы әскері Украинадағы Бахмут бағытында соғыс жүргізіп келді. Бұл компанияға Пригожин түрмеде отырған қылмыскерлерді топтастырды. Ресей билігі бұл топтың жұмысына қатысты ешқандай қарсылық білдірмей, Пригожиннің соғысқа адам жинауына жағдай туғызып келді. Укариндағы Бахмут түбінде соғысқан «Вагнер» әскерінің жетістіктері жаңалықтардан да күнде беріліп тұрды. Алайда кейіннен Пригожин Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгуды ашық сынап, екіарадағы жағдай біртіндеп ушықты.

Соңғы хабар: Пригожин Дондағы Ростов қаласын әскери қарсылықсыз басып алды. «Қаланың бас штабының басшысы орнын тастап қашып кеткен», деді Пригожин. Ол биліктен генерал Герасимов пен Шойгуды сұрады. Содан соң Мәскеуге бет алатынын айтты.