Фото: kursiv.media
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Әңгіме барысында Ресей басшысы Владимир Путин елдегі ахуал жөнінде мәлімет берген.
«Қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі. Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі – елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі», деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин Ресей Федерациясындағы қалыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Ресейде, «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырды.
Жағдай 23 маусым күні ушықты. Сол күннің кешінде «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігін өзінің жалдамалы әскерінің «арттағы лагерлеріне» зымырандық шабуыл жасады деп айыптады. Осыдан кейін «Вагнер» жетекшісі кек қайтаратынын мәлімдеді.
Ал Пригожиннің баспасөз қызметі қызметі әскрилерді бұл жағдайға араласпауға шақырып, «жалдамалыларды тоқтатуға тырысқандардың әскери техникасын қиратамыз» деп үндеу жариялады.
Терроризмге қарсы ұлттық комитет Пригожиннің мәлімдемесінен кейін ФСБ қызметінің қарулы көтеріліске қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Мұны кейін мемлекеттік прокуратура да растады.
Соңғы ақпараттарға сенсек, Пригожин Дондағы Ростов қаласын әскери қарсылықсыз басып алды. «Қаланың бас штабының басшысы орнын тастап қашып кеткен», деді Пригожин. Ол биліктен генерал Герасимов пен Шойгуды сұрады. Содан соң Мәскеуге бет алатынын айтты.
Елдегі жағдайдың ушыққанына байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшісі қазақстандықтардың Ресейге сапарламауын сұрады.
Ресей президенті халыққа үндеу жариялады. Ол – Әскери күштер мен басқа да мемлекеттік органдарға қарулы көтерілісті ұйымдастырғандарды залалсыздандыру туралы бұйрық бергенін айтты.