Астана маңындағы құрғақ шөптің өрті толық сөндірілді – ТЖМ
Фото: ТЖМ
Астананы түтінге ораған өрт толық өшірілді. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елордалық өрт сөндірушілердің күшімен Талдыкөл көлінің ауданында 80 га алаңдағы сортаңды жерде қамыс пен құрғақ шөптің жануы бүгін сағат 11.22-де жойылды», делінген хабарламада.
19 маусым күні қала маңындағы құрғақ шөп жанып, Астана көк түтіннің астында қалды. Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шөптің өртеніп жатқаны туралы хабар 9:12-де түскен. Өрт шыққан жерге барған өрт сөндірушілер Қорғалжың тас жолы мен Қосшы қаласының айналма жолында құрғақ шөптің өртеніп жатқанын анықтаған.
20 маусым күні оқиға орнына ТЖМ министрі Сырым Шәріпханов барып, қосымша Қазавиақұтқару авиатехникасын тартуды тапсырды. Сонымен қатар министр өртті жедел өшіру үшін қажет күш пен құралдарды топтастыруды тапсырған. Өрт орнында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облысының ТЖД 185 қызметкері мен 37 техникасы, қала әкімдігінің 6 суару машинасы жұмылдырылған.
Ал жексенбі күні Іле-Балқаш резерватында қамыс өртеніп жатқаны туралы хабарланды.
24 маусым күні Көлсай көлдерінде 0,08 га алқапта орманның төменгі бөлігі өртеніп, өр шұғыл сөндірілді.