Binance қадамы: Отандық криптобиржа дамуының оң және теріс әсері
Фото: Freepik
Біздер үшін бұрын таңсық болып келген нарықтағы криптовалюта ұғымы аяңдап болса да ел нарығына еніп келе жатқанын байқауға болады. Қазақстан нарықтың осы бір цифрлық саласының кең дамуына қарсы емес елдердің қатарында. Оған дәлел ретінде елімізде криптобиржаның еркені әрекет етуі үшін алаң ретінде Астана халықаралық қаржы орталығын ұсынып отырмыз. Орталықта осы күннің өзінде 8 бірдей криптобиржа заңды түрде тіркелген. Алдағы уақытта тағы бірнешеуін тіркеу жоспарланып отыр. Дегенмен, қазіргі уақытта елде неше адам бизнестің дәл осы саласымен айналысып жүргендігі туралы мәлімет жоқ көрінеді. Олардың саны жүз мың азаматтан асады деген де бейресми дерек бар. Мамандардың сөзінше, арнайы қамтамасыз етілмеген қанша актив бар екендігі туралы да тап басып айту қиын.
«АХҚО экожүйесінде сегіз криптобиржа тіркелген, тағы 19-ы тіркелуді жоспарлап отыр. Қамтамасыз етілмеген қанша криптоактив бар екендігі туралы ресми статистика жоқ. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда криптоактивтерді пайдаланушылар саны 100 000 азаматтан миллионға дейін жетеді. Егер жалпы көлем туралы айтатын болсақ, онда әртүрлі бағалаулар бар, яғни бірнеше миллиардтан бірнеше ондаған миллиардқа дейін жетуі мүмкін», – дейді АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов.
Қазақстан криптовалютаға дұрыс көңіл бөле бастағанын осы саладағы әлемдік алпауыттар да байқап қалған сыңайлы. Бұл сөзімізге әйгілі Binance компаниясының елімізге келіп жұмыс істеуге ниет танытуы. Аталған компания өткен аптада Қазақстанда жергілікті платформасын іске қосатындығын хабарлады. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сенсек, аталған криптобиржада қазірдің өзінде 2 мыңнан астам отандасымыз өз криптоәмиянын ашып үлгерген.
Осы жерде криптонарықтағы көшбасшы компанияның Қазақстанға келуі қаншалықты тиімді?,-деген сауал кім-кімді де ойландырары рас. Криптобиржаның отандық өкілдерінің бірі, кәсіпкер Анарбай Таскымбаев Binance-дің бұл қадамының еліміз үшін жағымды жақтары бар деген пікірде.
«Біріншіден Binance криптобиржасы Қазақстанда жергілікті флатформасын іске қосу арқылы бізге шетелдік инвесторлар келе бастайды. Мен ойлаймын осы жерде бізге ол биржамен жұмыс жасауға қандайда да бір жеңілдік болады. Сонымен қатар осы саладағы біздің нарыққа деген сенімділік артады. Binance секілді беделді криптобиржаның біздің елді таңдауының артында Қазақстанның абыройы тұрғанын да айтуға болады. Бұл жақсы жағы»,-дейді сарапшы А.Тасқымбаев.
Сондай-ақ сарапшы бұл қадамның ел азаматтары үшін жағымсыз әсері болатынын да жасырмады. Оның пікірінше орын алуы мүмкін қауіптердің бірі азаматтардың дербес деректер қорына қатысты .
«Біріншіден ол жерге біздің азаматтардың дербес деректері толығымен тіркелетіндігі сөзсіз. Олай болмаған жағдайда биржаға кіре алмайсыз. Осы жерде біздің азаматтардың жеке басы мәліметтері шет елдерге шығып кетуі әбден мүмкін деген қауіп бар. Бұл жерде криповалютаның қыр-сырын көп адамдар әлі күнге дейін толыққанды біле бермейтіндігін де қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда бұған барлық қазақстандықтар дайын емес. Мәселе осы жерде болып тұр»,-деп атап өтті Анарбай Тасқымбаев.
Отандық криптонарықтағы тағы бір ескеретін жағдай, соңғы кезде криптобиржалармен екінші деңгейлі банктердің тізе қоса отырып жұмыс істеуге ынта таныта бастауы. Өткен жылы АХҚО-да тіркелген Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жоба іске асырылған болатын. Жобаға 5 криптобиржа – Binance, Ataix, Intebix, Xignal и Upbit және 8 екінші деңгейлі банк – Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank және CenterCredit қатысты. Қанатқақты жоба аталған салада біршама нәтижеде берген секілді. Атап айтар болсақ, жоба қатысушыларының бірі Intebix компнаиясы «Еуразиялық банкпен» бірлесе отырып криптокарта шығаруды қолға алатын болды.
Осы туралы Қазақстанға келіп жұмыс істеуге бел шеш кіріскен Binance Kazakhstan компаниясының өкілдері криптобиржаның банк секторымен интеграциясы экономикалық-әлеуметтік дамуға да әсерін тигізеді деген пікірді алға тартады.
«Қазақстан – заңнамалық базаны реттеу бойынша да, нарықты дамыту бойынша да алға озған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Осы факторлардың (заңнамалық, қадағалау және институционалдық) барлығын ескере отырып Қазақстан цифрлы индустрияны дамыту бойынша әлдеқайда дайын болғанын аңғару қиын емес», -дейді Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері Жасұлан Мадиев.
Сарапшылар бұл қадам нарыққа айтарлықтай жеңілдік алып келетіндігін айтады.
«Банктер мен криптобиржалардың бірігуі, біріншіден нарыққа жеңілдік алып келеді. Екіншіден қаржы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы қарым-қатынаста қарапайымдылық орнайды. Сонымен қатар, екеуіне де клиенттер тарапынан сенімділікті күшейеді. Алайда, жоғарды айтқан азаматтарджың жеке дербес деректеріне қатыстық қауіп осы жерде де бар. Себебі көптеген азаматтарыздың жеке басына қатысты мәліметтер отандық банктерде бар екенін бәріміз білеміз », – дейді кәсіпкер Анарбай Оңалбекұлы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта криптонарық өте күшті дамып келе жатқаны рас. Алайда, криптонарықта тәуекелділік өте жоғары деп саналады. Сәйкесінше, бір сәтте тақырға отырып қалу қаупі де жоғары.
«Осы уақытқа дейін қаншама адамдардың салған ақшаларының белгілі бір себептермен құлдырап кеткендігін білеміз. Бұл жерде әдеттегідей 5-6 немесе 10-15 пайызға емес, 70-80 пайызға дейін құлдырап кеткен жағдайлар болған. Тіпті нарықтан шығып жоқ болып кеткен валюта түрлері де бар. Нәтижесінде, ақша салған адамдар ештеңесіз қалып кетіп жатады. Осы орайда қазіргі уақытта криптонарықты бақылауда ұстау өте қиын деп айтар едім»,- деп түйіндеді ойын кәсіпкер А.Тасқымбаев.
Осы жерде Binance Kazakhstan елімізге криптобиржа нарығында келген әзірге бір ғана ірі шетелдік компания екенін айта кетуіміз керек. Бұл жөнінде сарапшылар өзге ірі брокерлердің әзірше Қазақстанның криптобиржасын бақылап қана отырғанын айтады.