IT-дегі табысы мол әрі сұраныстағы мамандықтар: оқу ақысы қанша?
Фото: Freepik
IT-технологиялармен «кіндігіміз байланып қалды» десек, артық бола қоймас және бұл үрдіс уақыт өткен сайын дамудың жаңа сатысына көтеріле берері анық. Сондықтан да бұл сала жаңа мамандықтармен толығып жатыр. Kursiv тілшісі кейінгі жылдары ақпараттық технологиялар саласындағы ТОП мамандықтар мен оқу ақысы қанша екеніне шолу жасап шықты.
Internet of Things (IoT) немесе заттар интернеті
Технологияның даму қарқыны үдеген сайын әр жаңа гаджетпен құрылғылардың интеграциясы қалыпты жағдайға айналады. 2019-2030 жылдар аралығында ондай құрылғының саны 7,6 млрд-тан 24.1 млрд-қа дейін көбейеді деген болжам бар. Ал ондағы табыс көлемі болса, 1,5 трлн-нан артады-мыс. Қолданушылар гаджеттерді өмір сапасын жақсарту үшін пайдаланады. Әрине, жақсы жағы көп. Әйтсе де, интеллектуал құрылғы санының көбейгені машиналар арасындағы қарым-қатынас қаупін, құпиялыққа қатысты проблемалар, жүйелерді бұзу мәселелерін туындатады. Осындай қауіп болғандықтан, осы өнімдерді жасап шығарумен айналысатын әрі деректерді жинап, пайдалана алатын білікті мамандарға сұраныс пайда болды. Демек, интернет заттары бағдарламалары бойынша білім алатын студенттер жабдық пен қауіпсіздік проблемаларын шешіп қана қоймай, алдағы уақытта осы салада эксперт болуды үйренеді. Осылайша энергетика, көлік, медицинаның техникалық сала маманы болып шығады. Тұрмыста пайдаланатын құрылғылар мен оның «тілін» табу интернет заттары бойынша оқытатын ЖОО-лардың еншісіне тиеді.
Айта кету керек, бұл мамандық Қазақстанда білім беру бағдарламаларының ішіндегі бағыт ретінде оқытылады. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Astana IT University, Turan University-де осы бағытта білім алуға болады.
Қай елдерде оқыған дұрыс?
- Малайзия — жылына 7 000 доллардан бастап;
- Жапония — жылына 15 000 доллардан бастап;
- АҚШ — жылына 32 000 доллардан бастап;
- Қытай — жылына 5 000 доллардан бастап;
- Ұлыбритания — жылына 16 000 еуродан бастап.
IoT саласындағы табыс мөлшері шамамен қандай?
- 2019 жылғы есеп бойынша жылдық табыстың орташа көлемі 107 510 доллар болған;
- 2029 жылға қарай жылдық табыс мөлшері 139 675 долларға дейін өседі деген болжам бар;
- 2029 жылға қарай жоспарланып отырған жұмыс орнының саны: 316 000.
2. Толықтырылған және виртуал реалити (AR (Augmented reality) / VR (Virtual reality))
Алдымен бұлардың айырмасы туралы аз-кем айтып өтейік. VR яки виртуал реалити дегеніміз жасалған әлемге толықтай еніп кетуді білдіреді. Ол үшін арнайы виртуал көзілдірік секілді құрылғыларды тағып, ойлап табылған, жасанды әлемге сапар шегеді. Мамонтты ерттеп мініп, Марстан бір шығуы мүмкін. AR болса, көріністі толықтырып тұрады. Ал аралас реалити (MR) ішінде AR мен VR қосылады. Бұдан бөлек, сезімдерді жақсартатын барлық технологияны қамтитын кеңейтілген реалити (XR) деген термин бар. Алдағы уақытта нейрон желілері де қосылып, тағы бір реалити түрі пайда болуы мүмкін деген де болжам жасалып отыр. Бірақ ол бағдарламаны медициналық білімі бар IT-мамандар ғана оқи алады екен. Өйткені адам өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмау керек. Ал енді реалити салаларындағы бакалавриат және магистратура бағдарламаларының ішінде 3D-модельдеу, дизайн, ойын және қолданба жасау, анимация, визуал эффектілер, кино өндірісі, дижитал композитиң және бағдарламалау кіреді. Аталған мамандық, әсіресе, әлеуметтік, салалық, көркем және ғылыми машықтарын дамытқысы келетін, шығармашылыққа жақын студенттердің көңілінен шығады.
Ескере кететін бір жайт, ашық дерек көздерінен Қазақстанда бұл бағытта жасалған білім беру бағдарламасын таппадық.
Қай елдерде оқыған дұрыс?
- Малайзия — жылына 7 000 доллардан бастап;
- Швеция — жылына 15 000 еуродан бастап;
- АҚШ — жылына 28 000 доллардан бастап;
- Германия — жылына 8 000 еуродан бастап;
- Ұлыбритания — жылына 12 000 еуродан бастап;
- Нидерланды — жылына 11 000 еуродан бастап.
IoT саласындағы табыс мөлшері шамамен қандай?
- 2019 жылғы есеп бойынша жылдық табыстың орташа көлемі 99 730 доллар болған;
- 2029 жылға қарай жылдық табыс мөлшері 129 649 долларға дейін өседі деген болжам бар;
- 2029 жылға қарай жоспарланып отырған жұмыс орнының саны: 40 900.
3. Киберқауіпсіздік (Cybersecurity)
Бұл — IT-дің шабуылдардан қорғауға бағытталған саласы. Яғни желілерге, дербес компьютерге, бағдарламалар мен құрылғыларға рұқсатсыз кіруден сақтайды. Осы салада жұмыс істегісі келетіндер есте ұстауы керек маңызды жайт: киберқауіпсіздік дегеніміз хакер болуға үйретеді. Сондықтан сіз үнемі құқық қорғау ұйымдарының бақылауында боласыз. Хакерліктің «ақ» (white hat hackers немесе ethical hackers) және «қара» (black hat hackers) деген екі түрі болады. Қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін түсіндірудің қажеті шамалы деп ойлаймыз. Қара хакерлер ақпаратты ұрлап, оны қылмыс мақсатында қолданады. Арнайы бағдарламалар ойлап тауып, алаяқтық жасайды. Сол арқылы табыс табады. Ал мәдениетті яки ақ хакерлер болса, компаниялар мен киберқауіпсіздік мамандарына желідегі осал тұстарды тауып беруге көмектеседі. Яғни қорғаныс жасайды. Киберқауіпсіздік бойынша бакалавриат пен магистратура бағдарламасында киберқауіпсіздік негіздері, компьютерде кодтау, бағалау, әлеуметтік инженерия және желідегі қауіпсіздік қамтылады. Бұл сала мамандары қазір өте мықты сұраныста. Қаржы компанияларынан бастап, үкімет ұйымдарына дейін киберқауіпсіз мамандарын ұстайды.
Қазақстанда киберқауіпсіздікті «Ақпараттық қауіпсіздік», «Желі қауіпсіздігі» оқу бағдарламалары аясында оқытады. Ал жекелеген бағдарлама Astana IT University мен Нархоз университетінде бар.
Қай елдерде оқыған дұрыс?
- Малайзия — жылына 7 000 доллардан бастап;
- Швеция — жылына 15 000 еуродан бастап;
- АҚШ — жылына 30 000 доллардан бастап;
- Германия — жылына 12 000 еуродан бастап;
- Ұлыбритания — жылына 14 000 еуродан бастап.
IoT саласындағы табыс мөлшері шамамен қандай?
- 2019 жылғы есеп бойынша жылдық табыстың орташа көлемі 146 360 доллар болған;
- 2029 жылға қарай жылдық табыс мөлшері 190 268 долларға дейін өседі деген болжам бар;
- 2029 жылға қарай жоспарланып отырған жұмыс орнының саны: 48 100.
4. Жасанды интеллект (Artificial Intelligence)
Жасанды интеллект — компьютер ғылымдарының ең ауқымды салаларының бірі. Ол ақылды машиналар жасаумен айналысады. Яғни машиналарды әдетте адам интеллектісін қажет ететін тапсырмалар жасауға үйретеді. Автономды көлік құралдары, медициналық роботтар, интеллект тұрмыстық техника, ақылды дижитал көмекшілер — осының бәрі жасанды интеллектінің көмегімен жасалады. Кейінгі жылдары тренд тіпті арта түсті. Ең жарқын мысалы ретінде IPhone құрылғысындағы Siri, Tesla автокөлігі, фильмдер мен сериалдармен айналысатын Netflix-ті атап өтуге болады. Бұлардың бәрінде жасанды интеллект бар. Яғни сіз туралы ақпарат жинап, өңдейді. Сөйтіп соны қорыта келе сізге арнайы көмек береді, бейімдейді. Кезінде электр қуаты пайда болғанда көпшілік қалай таңғалған болса, жасанды интеллектінің де әсері мен революциясы одан еш кем емес, тіпті асып түсуі мүмкін. Сондықтан осы салаға қызығатындар дәл қазір оқып алғаны жақсы. Жасанды интеллект саласындағы бакалавриат пен магистратура бағдарламаларында машиналарды «ақылды» шешім қабылдауға үйрететін тәсілдер қамтылады.
Бұл бағыт Қазақстанда «Ақпараттық технологиялар» оқу бағдарламасы аясында оқытылады. Бакалавриат — Қазақ технология және бизнес университетінде, магистратура — Satbayev University-де, ҚБТУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторантура бағдарламаларының ішінде бар.
Қай елдерде оқыған дұрыс?
- Малайзия — жылына 11 000 доллардан бастап;
- Жапония — жылына 20 000 доллардан бастап;
- АҚШ — жылына 35 000 доллардан бастап;
- Қытай — жылына 9 000 доллардан бастап;
- Ұлыбритания — жылына 18 000 еуродан бастап.
IoT саласындағы табыс мөлшері шамамен қандай?
- 2019 жылғы есеп бойынша жылдық табыстың орташа көлемі 109 810 доллар болған;
- 2029 жылға қарай жылдық табыс мөлшері 142 750 долларға дейін өседі деген болжам бар;
- 2029 жылға қарай жоспарланып отырған жұмыс орнының саны: 46 000.
Естеріңізге саламыз, елімізде ЖОО-да құжат қабылдау басталды. 2023-2024 оқу жылына құжат 20 маусым мен 25 тамыз аралығында қабылданады. 13-20 шілдеде білім беру гранттарының конкурсына өтініш қабылдау өтеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқуға түсушілер 18 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін өтетін ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін грант конкурсына ұсына алады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.