Жаңалықтар

Лукашенко Назарбаевпен аймақтағы жағдайды талқылады

Лукашенко
Фото: president.gov.by

Беларусь президентінің ресми Telegram-арнасы жексенбі күні Александр Лукашенконың Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путинге, одан кейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалғаны туралы хабарлады.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Олар халықаралық ахуал, аймақтағы жағдай мен беларусь-қазақ қатынастарын талқылады», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бір күн бұрын Лукашенко «Вагнер» жеке қарулы жасағын құрушы Евгений Пригожинмен «Вагнер ПМК» қозғалысын тоқтату және шиеленісті бәсеңдету жөнінде келісті.

Сенбі күні, 24 маусымда Евгений Пригожиннің жетекшілігімен Ресейдің «Вагнер» жалдамалы қарулы құралымының қызметкерлері әскери техникамен Ростов-на-Дону мен Воронежге кірді. Пригожиннің айтуынша, «Ростовтың әскери нысандары, соның ішінде аэродром ПМК бақылауында болды». Пригожин егер Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб бастығы Валерий Герасимов онымен кездеспесе, Украина әскерлерінің шабуылы аясында Мәскеуге қарсы әскери жорық бастаймыз деп қорқытты.

25 маусым күні «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин Мәскеуге шабуылдау ниетінен бас тартты. Ол Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресей аумағында өз жауынгерлерінің қозғалысын тоқтату туралы ұсынысын қабылдады.