«Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары ұсталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Өзенмұнайгаз» Бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаевты ұстады. Ол қазіргі кезде «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының орынбасары қызметін атқарады. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

Оған «КЕЗБИ» ЖШС және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау үшін өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деген айып тағылған.

«Қарамырзаев кейбір конкурс қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті», – делінген хабарлама.

Ол заңсыз әрекетімен «КЕЗБИ» ЖШС-нің заңды мүддесіне елеулі зиян келтіріп, мыңнан астам қызметкердің құқығын бұзып, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырған.

23 маусымда ҚМГ «Өзенмұнайгаз» бен оның мердігерлерін тексеру қорытындысын жариялады. ӨМГ қаржылық-шаруашылық қызметіне талдау жүргізілгенде 118 заң бұзу мен сәйкессіздіктер анықталды: 7 факт құқық қорғау органдарына жіберіліп, 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылған.

Тексеріске жұмыссыз қалған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы мұнайшыларының наразылығы себеп болды. Сәуірдің ортасында олар тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы беруді талап етіп Астанаға барған еді.

2 мамырда Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен «БерӘлі Маңғыстау Company» сервис компаниясының бұрынғы қызметкерлері көтерген мәселелерді қарау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.  

2 маусым күні Қаржы мониторингі агенттігі 46 млн залал келтірді деген күдікпен «ӨзенМұнайГаз» бас директорының орынбасары ұсталғанын мәлімдеді . Б.Мамбетсапаев лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар таныстарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-на заңсыз кіргізген деп айыпталды.

13 маусымда «Өзенмұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі наразылық ұйымдастырған жаңаөзендік мұнайшылар жұмысқа қабылданатыны хабарлады. «Мөлдір Мұнай Сервис»ЖШС-де жұмысқа орналасу туралы бұрын ұсынылған ұсынысты қабыл алған. 

Сондай-ақ оқыңыз