Сарапшылардың пікірінше, АҚШ экономикасы рецессияға ұшырауы мүмкін. Дегенмен, уақыт пессимистердің бірінші жартыжылдыққа қатысты болжамы қате болғанын байқатты. Жарты жылдың алдын ала нәтижесіне сәйкес, өткен алты ай технология секторы мен бірқатар басқа саладағы инвесторлар үшін сәтті болғанын дәлелдейді. Өткен демалыста осы және басқа да тақырыпты көтерген әлемдік БАҚ-қа шолу ұсынамыз.
АҚШ қор нарығы қайда бет алады?
Bloomberg агенттігі АҚШ қор нарығының бірінші жартыжылдықтағы нәтижесін Nasdaq 100 индексі мысалында егжей-тегжей талдап, бұл кезеңді индекс өз тарихында ең жақсы нәтижемен жабуы мүмкін деп жазады. Мөлшерлеменің өскеніне қарамастан, индекс 2022 жылғы (-33%) минус көрсеткішін өтей отырып, 36%-ға өсті. Инвесторлар АҚШ экономикасы тұрақты болып және компаниялардың табысы жақсарған соң, Big-технологияларға көп қаржы құйды.
Сонымен қатар, S&P 500 биыл 13 пайыз өсті, бұл оған ФРЖ ставкасын көтеру циклін бастаған 2022 жылдың наурызынан бергі құлдырауды толығымен өтеуге көмектесті. Индекс сонымен қатар 2022 жылдың 12 қазанындағы ең төменгі деңгеймен салыстырғанда 22%-ға жоғары болып тұр.
Дегенмен, Уолл-стрит сарапшылары ФРЖ бұл раллиді жылдың екінші жартысында жолдан тайдырады деп алаңдаулы. Дегенмен, олардың бірінші жартыжылдыққа қатысты болжамы дәл келмеді: олардың көпшілігі S & P 500 биыл өзгеріссіз қалады деген еді.
Morgan Stanleу-дің Майк Уилсон және JPMorgan Chase & Co.-ның Марко Коланович сынды скептик сарапшылары ФРЖ алдағы уақытта ақша-несие саясаты қатаңдайды деген белгі беріп отырғандықтан, АҚШ акцияларының өсімі жақында тоқтайды деп болжап отыр. Ал Bank of America Corp. сарапшысы Савита Субраманиан ФРЖ аздап асыра сілтеп отыр, бұл ралли тек технологиялық секторда ғана емес, бүкіл нарықта жалғасын табады деп пайымдайды.
Оптимистер тек BIG-технологиялар ғана емес, сонымен қатар тұтыну секторы, сондай-ақ телекоммуникация компаниялары өсім көрсеткенін атап өтті. Жалпы, тарихи тұрғыдан алғанда, Bloomberg құрастырған деректерге сәйкес, әдетте S&P 500 индексі бірінші жалты жылдықты жақсы көрсеткіш көрсетсе, жылдың екінші бөлігінде оны мықты өсім күтіп тұрады.
Йеллен биыл бірнеше банк бірігуі мүмкін деп мәлімдеді
АҚШ-тың Қаржы министрі Джанет Йеллен жоғары пайыздық мөлшерлеме мен нарықтағы соңғы күйзеліске байланысты биыл бірнеше банк бірігуі мүмкін екенін айтқан. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, министр 2023 жылдың наурызында Silicon Valley Bank және Signature Bank ыдырағаннан кейін, АҚШ-тағы шағын және орта банктерден ірі банктерге депозиттердің кетуі басталды және бұл процесс әлі жалғасып жатыр деген. Ол депозит мөлшерлемесінің жоғары болуы шағын банктердің кірісіне нұқсан келтіретінін мойындаған, бұл олардың екінші тоқсандағы кірісіне әсер етуі мүмкін.
Дегенмен, Йеллен тұрақсыздық қайта оралмайды дей тұра, кейбір банктердің бірігуіне әкелуі мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, кеңсе ғимараттарын салуға несие беру қиындап тұр. Өйткені қашықтан жұмыс істеуге көшу олардың құнын төмендетсе, ал жоғары пайыздық мөлшерлеме коммерциялық ипотеканың құнын арттырды. Нәтижесінде көптеген жалға берушіні дефолт қаупіне ұшыратты, ол өз кезегінде кішігірім банктер үшін қиындық тудыруы мүмкін.
АҚШ-тағы стартаптар қатары өсті
IPO-ның құлдырауы ұзаққа созылып жатқан кезде, АҚШ-та жеке институционалдық инвесторлар мен құны 1 миллиард доллардан асатын компаниялар саны артып келеді. Bloomberg басылымының жазуынша, Citigroup 2022 жылы 20-дан астам осындай 40 компаниямен келісімге қол қойған.
«Біз нарықты қалпына келтірудің бастапқа сатысында тұрмыз», – деді Citigroup-тың Солтүстік Америкадағы үлестік капитал нарығының тең басшысы Пол Абрахимзаде. «Дегенмен, бұл жеке инвестицияларға әлі де үлкен қызығушылық бар екенінің белгісі».
Венчурлық капитал фирмалары бір жыл бұрынғы»»гүлдену кезеңіне» оралмайды. IPO-ға келетін болсақ, сарапшылардың көпшілігі ол бұрынғы қалпына келмейді деп тұжырымдайды.
АҚШ экономикасын не күтіп тұр?
JPMorgan сарапшылары АҚШ «қайнаған бақа» рецессиясына дайын болуы керек деп ескертті. Бұл метафора әдетте адамдардың белгілі бір мәселеге назар аудармай жүре беріп, уақыт өте келе іріңді жара сынды жарылатын жағдайды сипаттайды.
Сарапшылар бұл 2023 және 2024 жылдарға арналған төрт сценарийдің ең ықтимал нұсқасы деп санайды. Businessinsider басылымының жазуынша, JPMorgan рецессия болмауы да мүмкін деген болжам жасаған.
Дүние жүзінің біраз бөлігінде қазіргі баға төмендегеніне қарамастан, инфляцияның ұзаққа созылу қаупі артқан. Бұл турал Халықаралық есеп айырысу банкінің бас экономисі Клаудио Борио немістің FAZ газетіне мәлімдеген. Ол базалық инфляцияның (энергия және азық-түлік бағасының ауытқуын қоспағанда) «тұрақтанып», «енді тіпті ақырындап өсіп жатқанын» атап өтті. Борио бұл инфляциямен күрестің келесі кезеңін «қиындатады» деп пайымдайды.
Криптонарыққа жаңа құтқарушы келді – Уолл-стрит
Yahoo Finance FTX биржасы ыдырағаннан соң қатты құлдыраған криптонарықтағы жағдайды егжей-тегжей талдап, қазіргі уақытта АҚШ реттеушілерінің қысымы артып келеді деп жазады. 2023 жылдың басынан бері SEC криптовалюта нарығының 15 өкілін бағалы қағаздар туралы заңды бұзды деп айыптады. Алайда, өткен аптада әлемнің жетекші қаржы компаниялары күтпеген жерден бұл салаға қолдау көрсетті.
Осылайша, ең ірі BlackRock компанясы биткоинді негізгі актив ретінде пайдаланатын жаңа биржа құрғысы келеді. Әлемдегі ең ірі хедж-қорлардың бірі Citadel Securities екі ірі инвестициялық компания – Fidelity Investments және Charles Schwab-пен бірге жаңа криптовалюта биржасын ашуға дайындалып жатқанын хабарлады. Ал Deutsche Bank өз клиенттерінің цифрлық активтерін сақтауға лицензия алғанын хабарлады.
Бұл жаңалықтың аясында криптовалюталардың, әсіресе биткоиннің құны өсуі мүмкін. Жұма күні ол 31 389 долларға дейін көтерілді, бұл – бір жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, 2023 жылдың қаңтарынан бері биткоин 81%-ға өсті. Криптовалюта активтерінің жалпы нарықтық капитализациясы өткен аптада 1,2 триллион долларға жетті, бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 14% жоғары.
Franklin Templeton цифрлық активтер бөлімінің басшысы Роджер Балстон реттеушінің тексерісті күшейтуі криптонарыққа одан да көп инвестиция тартуға көмектесуі мүмкін екенін айтты.
Қысқа-нұсқа
Yonhap ақпараттық агенттігі Оңтүстік Кореяның Қаржы министрлігі жартылай өткізгіш өнеркәсібінің нашар көрсеткішіне байланысты, 2023 жылға арналған экономикалық өсу болжамын төмендету мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлайды.
Ресейдегі әскери бүлік салдарынан өткен демалыс күндері айырбастау пункттерінде рубль күрт әлсіреді. Мәскеудегі J&T банкінің айырбастау пункті рекорд орнатты: онда АҚШ валютасы 200 рубльге сатылды (РФ Орталық банкінің жұма күнгі бағамы бір долларға 84 рубль болды).
РБК басылымы Яндекс акцияларын сатып алатын ықтимал үміткерлерді атады. Бұл: саясаткер Алексей Нечаев (оның басты байлығы – Faberlic косметикалық компаниясы), NK LUKOIL компаниясының негізін қалаушы Вагит Алекперов және Kismet Capital Group компаниясының иесі Иван Таврин. Яндекс голландиялық Yandex N.V. компаниясына тиесілі, оның капиталының негізгі бөлігі шетелдік инвесторлар иелігінде, ал қабылданған шешімді Яндекс негізін қалаушы Аркадий Волож бен менеджменттің отбасы бақылайды. Бұған дейін Банк ВТБ компанияда үлесін сатып алу мүмкіндігі туралы хабарлаған болатын.