Президент «ҚазМұнайГаз» басшысына ірі инвесторлар тартуды тапсырды

Жарияланды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мағзұм Мырзағалиев
президентке «ҚазМұнайГаз» компаниясы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізгенін айтып, компанияның биыл бірінші жартыжылдықта атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижесі туралы есеп берді.

«ҚазМұнайГаз» басшысы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын, атап айтқанда, Атырау облысында қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыттың және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы жұмыс істейтін гибридті электр станциясының құрылыс барысын баяндады.

Мелекет басшысына мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы, жанар-жағармай материалдары өндірісінің қарқыны және олардың қорын қалыптастыру туралы мәлімет берілді. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» компаниясының Францияның Air Liquide компаниясымен бірлесіп, Павлодар мұнай химиясы зауытында 160 мың тоннаға дейін қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік беретін жобаны іске асыратынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау жұмыстарын дамыту және перспективті барлау учаскелерін зерттеу үшін ірі инвесторлар тарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз