ҚазМұнайГаз ҰҚ мен Энергетика министрлігінің арасында жаңа кен орнын игеруге қатысты келісімге қол қойылғаны туралы Қазақстан қор биржасына хабарланды.
«Энергетика министрлігі мен ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы арасында Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан Қаратон Подсолевой жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған № 5238-УВС-СП келісімшартына («Келісімшарт») қол қойылғанын хабарлайды», делінген ақпаратта.
Дегенмен, бұл ақпараттық хабарламада келісімнің шарттары, орындалу мерзімі, жобадағы серіктестер туралы ақпарат берілмеген.
Ұлттық компанияның ресми сайтында да, Энергетика министрлігінің ақпараттық ресурстарында да аталған келісім туралы ақпарат жарияланбапты.
Айта кету керек, өткен жылы маусымда «ҚазМұнайГаз» және «Татнефть» Қаратон-Сарықамыс жобасын бірлесіп іске асыру бойынша ниет келісіміне қол қойған болатын.
Құжатқа ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев және «Татнефть» бас директоры Наиль Маганов 17 маусымда Санкт-Петербург қаласында (РФ) өткен Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Татарстан президенті Рустам Миннихановтың кездесуі барысында қол қойылған еді.
«Татнефть» компаниясының Қаратон-Сарықамыс жобасы бойынша бізге стратегиялық серіктес болу ниетін қоштаймыз. «Татнефть» компаниясы – «ҚазМұнайГаздың» басты серіктесі. Біз тауарлар мен жабдықтарды жеткізуден бастап, ескі кен орындарда мұнай өндіру деңгейін арттыру жұмыстарын ұйымдастыруға дейінгі түрлі бағыттар бойынша серіктестікті белсенді дамытудамыз», – деген еді, келісімге қол қою кезінде Мағзұм Мырзағалиев.
«Татнефть» бас директоры Наиль Маганов, компанияның геологиялық барлаудағы технологиялары мен тәжірибесі Қазақстанның кен орындарын сәтті игеруге ықпал ететініне сенім білдірген еді.
Өткен жылдың қазан айында кейбір ақпарат көздері «Татнефть» компаниясының Қаратон-Сарықамыс жобасына қатысу шарттарына қатысты ақпарат берген.
Интерфакске сұхбат берген «ҚазМұнайГаз» компаниясы департаментінің директоры Нұрлан Қонысовтың дерегінше, ресейлік компания бұл жобада carry-қаржыландыру шартымен қатысады.
«Қаратон жобасы бойынша тәуекелді «Татнефть» компаниясымен бөлісу туралы шешім қабылдадық, ол carry-қаржыландыру негізінде 50% (акцияны – автор) алады. Бұл ұстанымға сәйкес, геобарлау кезеңіндегі шығындарды инвестор көтереді. Сондықтан бұрғылау нәтижесі «құрғақ» болса (мұнай табылмаса – автор), бұл тәуекел Татнефтьке тиесілі. Алайда, бұрғылау нәтижесі оң болса, шығындар өтеледі», деген еді Нұрлан Қонысов.
«ҚазМұнайГаз» ақпаратына сәйкес, Қаратон-Сарықамыс учаскесі Атырау облысында Теңіз, Королев кен орындары және «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындар тобы маңында орналасқан.
2022 жылдың ақпанында Қаратон–Сарықамыс «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін көмірсутектерді барлау мен өндіру жұмыстарын жүргізуге арналған жер қойнауы учаскелерінің тізіміне қосылды.
Ұлттық компания «Қаратон Подсолевой» кен орны туралы ақпарат бермеген. Тек, кейбір ғылыми еңбектерде Қаратон-Сарықамыс кен орнындағы жер қойнауы, хабарламада келтірілген (орыс тіліндегі атауға келетін) тұзды екені туралы ақпарат келтірілген.
Татнефть – ресейлік мұнай компаниясы. Мұнай өндіру көлемі бойынша Ресейде бесінші орында тұр.
Бұған дейін жазғанымыздай, Fitch Ratings халықаралық агенттігі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұзақ мерзімді дефолт рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB», болжам – «Тұрақты» деңгейіне дейін көтерді.