Фото: kursiv.media
Алматыда 1 шілдеден бастап судың бір текше метрі үшін 55,2 теңге және кәріздің бір текше метрі үшін 32,74 теңге деңгейіндегі жаңа тарифтер қолданысқа енгізіле бастайды, деп хабарлайды «Алматы Су» компаниясының баспасөз қызметі.
Алматыда соңғы рет су тарифі тек 2014 жылы өзгеріп, бір текше метр үшін 55 теңгеге дейін көтерілген. Осы аралықтағы 9 жыл ішінде тарифтер кезең-кезеңімен төмендеп келген. Бүгінде су тарифі 1000 литр үшін 48 теңгеден аз мөлшерде қолданылады.
Сонымен бірге Алматы қаласындағы су құбыры желілерінің тозуы 54,4 пайызды құрайды. Шамамен 3607 шақырым құбырлардың 2033 шақырымын кезең-кезеңімен ауыстыру қажеттігі туындаған. Ал кәсіпорынның жөндеу қоры ел бойынша ең төмен болып саналады және оның көлемі тікелей су мен кәріз тарифтерінің деңгейіне байланысты.
«Тарифтерді инвестицияға айырбастау» мемлекеттік саясатын іске асыру инженерлік желілер мен су дайындау станцияларындағы, кәріз тазарту құрылыстарындағы және сорғы станцияларындағы қажетті жабдықтарды ауыстыру үшін көбірек қаражат жинақтауға мүмкіндік береді. Ал аталған жұмыстарды іске асыру желілердегі апаттылықты азайтып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», делінген баспасөз хабарламасында.
Сумен жабдықтау және ағынды суды бұру қызметтерінің тарифтерінің өзгеруі бір пәтер үшін ай сайынғы коммуналдық төлемдердің сомасы 15%-ға, орта есеппен 150 теңгеге жетпейтін көлемде өседі. Яғни, тариф біршама көтерілгенмен, оның деңгейі халық үшін 2014 жылғы көрсеткіштерде сақталады.
Заңды тұлғаларға келетін болсақ, олар үшін сумен жабдықтау қызметтері тарифтері 69,2 пайызға, кәріз тарифтері – 89.4 пайызға өседі.
«Суық су мен кәріз кәсіпорынның өндірістік шығындарының аз бөлігін ғана қамтитынын ескеру маңызды. Осыған байланысты, заңды тұлғалар үшін сумен жабдықтауға және су бұруға арналған жаңа тарифтердің деңгейі тауарлар мен қызметтердің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді» деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұған дейін, Алматы жылу жүйесі 1-шілдеден бастап жылыту қызметіне тарифтердің көтерілетінін хабарлаған болатын.