Базалық мөлшерлеме, инфляция және мұнай бағасы: сарапшылардың 2023-2024 жылға болжамы қандай?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы

2023-2024 жылдары Қазақстан экономикасы 4 пайыз өсім көрсетуі мүмкін. 2025 жылға арналған болжам да бұдан алыс кетпеген. Нарық қатысушылары бұл жылы ел экономикасының өсімі 4,1 пайызды құрайды деп болжайды. Ал мұнай бағасы келер жылы сәл арзандап, 2025 жылға қарай қайта көтерілуі ықтимал. Сарапшылар алдағы уақытта инфляция өсуі мүмкін деген болжам жасаған. ҰБ жариялаған пікіртерім нәтижесі осындай.

Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылы сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнама нәтижелерін жариялады.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау және болжаумен айналысатын Halyk Finance, Jusan Invest, NAC Analytica, Азия Даму Банкі, АКРА, Еуразиялық экономикалық комиссия, Экономикалық зерттеулер институты, Ренессанс Капитал, Сентрас Секьюритиз, Фридом Финанс сынды ұйымдар қатысқан.

2023 жылдың мамыр айында өткізілген сауалнамадан кейін респонденттердің болжамы біршама өзгерген.

2023 жылғы мамырдағы сауалнама нәтижесімен салыстырғанда, сарапшылар 2023 және 2025 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттарын қайта қараcтырып, 2024 жылға арналған болжамды өзгеріссіз қалдырған. Осылайша, 2023 жылға арналған мұнайдың орташа бағасының медианалық мәні баррелі үшін 82,4 АҚШ доллардан 80,0 АҚШ долларға дейін төмендеп отыр. 2024 жылы мұнай тіпті барреліне 78,7 долларға дейін арзандауы мүмкін. Ал 2025 жылға барр.үшін 73,0 АҚШ доллардан 80,0 долларға дейін қымбаттауы ықтимал.

Пікіртерімге қатысқан сарапшылар инфляцияға қатысты болжамды да өзгертіп, инфляция қайтадан өседі деп болжаған. Респонденттер 2023 жылғы инфляция 12,2%, ал 2024 жылы  9,4%  деңгейінде қалыптасады дейді. Ал, 2025 жылы ол 7,1%-ға дейін аздап төмендеуі мүмкін.

Бұған дейінгі пікіртерімде де сарапшылар 2023 жылы инфляция 12,2% болады деп болжаған.

Сарапшылар 2023 жына 2025 жылдары базалық мөлшерлеме жоғары болады деп пікір білдірген. 2023 жылға арналған болжам жылына орта есеппен 16,2%-дан 16,3%-ға дейін көтерілсе, 2025 жылға – 9,5%-дан 10%-ға дейін өсті. Респонденттер 2024 жылғы базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде тұрақтайды деп болжайды.

Теңгенің айырбас бағамына келер болсақ, сарапшылардың ұлттық валютаға қатысты болжамы біршама жақсарған. Десе де, алдағы уақытта доллар қымбаттауы мүмкін. Биыл доллар бағамы 459 теңге шамасында болса, 2024 жылы ол 477 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал. Ал 2025 жылға бағам болжамын сарапшылар 510 теңгеден 500 теңгеге түсірген.

Тауарлар мен қызмет экспорты бойынша болжам 85,3-тен 83,6 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал 2024 және 2025 жылдарға арналған болжамын сақтаған. Осылайша, сарапшылар 2024 жылы тауарлар мен қызмет экспортының көлемін 86,4 млрд. АҚШ долл., ал 2025 жылы – 90,7 млрд. АҚШ долл. көлемінде күтіп отыр.

Ал импортқа қатысты болжам түгел өзгеріске ұшыраған. Алдағы жылдары импорт көлемі азаюы мүмкін. Мәселен, 2023 жылы импорт көлемі 60,0 млрд АҚШ доллар деңгейінде күтілсе (бұдан бұрын 59,6 млрд. АҚШ долл), 2024 жылға болжамдардың медианалық мәні 61,0-ден 59,1 млрд. АҚШ долл., 2025 жылға – 61,4-тен 59,0 млрд. АҚШ долл. дейін қайтақарастырылған.

Көрсеткіш2022
(факт/ бағалау)
202320242025
Brent маркалы мұнай бағасы
баррель үшін АҚШ доллары
жылына орта есеппен
99,180,0(82,4)78,7(78,7)80,0(73,0)
ЖІӨ
%, ж/ж
3,3*4,0(4,0)4,0(4,0)4,1(4,0)
ТБИ
%, желтоқсан өткен жылғы желтоқсанға
20,312,2(11,8)9,4(8,4)7,1(7,2)
Базалық мөлшерлеме
жылдық %, жылына орта есеппен
13,916,3(16,2)12,0(13,0)10,0(9,5)
Тауарлар мен қызметтер экспорты
жылына млрд АҚШ доллары
94,183,6(85,3)86,4(86,4)90,7(90,7)
Тауарлар мен қызметтер импорты
жылына млрд АҚШ доллары
59,260,0(59,6)59,1(61,0)59,0(61,4)
USD/KZT курсы
жылына орта есеппен
460,5459,0(462,3)477,5(487,8)500,0(510,0) 

Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары жоқ. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы туралы нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірі, бағалауы мен болжамы қамтылған.

Сондай-ақ оқыңыз