Биыл жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесін алуға 73 мың грант бөлінді
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 – 2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жариялады. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген. Бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді. Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Ақпаратқа сәйкес, гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді – 18 744 орын. «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант берілді.
Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты: педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. «Серпін» бағдарламасы бойынша грант өтеу мерзіміне қатысты өзгерістер енгізілді, ол 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады.
2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында келесі сілтемелер бойынша жарияланған:
Баклавриат http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php?ID=6267
Магистратура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php?ID=6269
Докторантура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php?ID=6271
Айта кету керек, ЖОО-да қабылдау комиссияларында құжат қабылдау басталып кетті.