Мессенджер арқылы есірткі сатып келген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды
Фото: kursiv.media
11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық топ мессенджер арқылы Астана, Көкшетау және Қарағандыда есірткі өткізу арнасын жолға қойған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін полицейлер «Сұңқар» және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімшелерімен бірлесе отырып, осы жылдың сәуір айында құрықтаған.
«Үш қалада 11 қылмыскер ұсталып, тоғыз мекенжай бойынша қызметтік-іздестіру иттерін тарта отырып тінту жүргізілген. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір қатысушысы есірткіні буып-түю, сақтау, тасымалдау немесе тарату, топтың ақшалай кірістері мен шығындарын бақылау сияқты нақты рөлдерді орындағаны дәлелденді», делінген хабарламада.
Ұйымдасқан топта бірі қылмыстық бизнеспен қамтылған қалалар бойынша есірткінің аса ірі партияларын сақтауға және тасымалдауға жауапты болса, екіншісі қаржылық кірістер мен шығындарға бақылау жүргізіп отырған. Сонымен бірге топ мүшелеріне «жалақы» төлеумен, «жоғалған» есірткілер үшін айыппұл салумен айналысқан.
Қылмыстық топ мүшелерінің бірі есірткі сатылатын интернет-арналардың жұмысын қамтамасыз етуге жауапты болған. Ол интернет арқылы жаңа клиенттерді белсенді түрде тартумен айналысып отырған. Сол мақсатта онлайн-конкурстар, ұтыс ойындары мен акциялар өткізген. Топ мүшелерінің бірі кәмелетке толмаған колледждің екінші курс студенті болып шыққан.
Заңсыз айналымнан үш килограмм есірткі тәркіленген. Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмыстық әркетте пайдаланылған ұялы телефондар, ноутбуктер, сим-карталар қоса тіркелген. Есірткі сататын үш интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылды.
«Ұйымдастырушыға және есірткі бизнесіне қатысушыларға аса ірі мөлшерде есірткінің заңсыз айналымынан басқа ҚР ҚК-нің 262-ші «Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және қатысу» бабы бойынша айып тағылып отыр. Мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді», дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.