Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы мен гранттары табыс етілді

Жарияланды

Бүгін журналистерге Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы мен гранттары табыс етілді. Бұл турал Ақорда хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Әр заманның айтар сөзі, көздеген мақсаты болады. Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтереді. Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналисттің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 27 маусымдағы өкімімен Президент сыйлығы «31 арна» телеарнасының тілшісі Ирина Советжанқызына, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Балажан Абайға, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Вологодская Галинаға берілді.

Ал бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттарды «Orda. kz» ақпарат порталының тілшісі Астахов Илья, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Балтабаев Әділ, «Tengrinews. kz» ақпарат порталының тілшісі Дүйсенғұлова Рабиға және «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Омаш Саламат иеленді.

Сонымен қатар «Время» газеті, «ҚазТаГ» ақпарат порталы,«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС және «TDK-42» телеарнасының шығармашылық ұжымына Мемлекет басшысының алғысы жарияланған.

Сондай-ақ оқыңыз