Алматы қаласының прокуратурасы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалына 500 млн-ға жуық айыппұл салынғанын хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, компанияың қызметіне жүргізілген тексеру барысында, оның үстем және монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер, пайдаланылмаған көлем үшін газ құнының 10 пайызын заңсыз төлеп келген.
«Үстем және монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылып 497,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, компания 2023 жылға арналған тарифті төмендетуі тиіс болса да, мұндай қадамға бармаған. Өйткені, 2022 жылы табиғи монополия субъектісінің көрсететін қызметтер көлемі ұлғайған, қызмет көлемі артуы есебінен тариф қайта қаралуы тиіс болатын.
«Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің қадағалау актісімен, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарлық газды тасымалдау тарифін 6 пайызға, 1000 м3 үшін 4 099,25 теңгеден 1000 м3 3 848,03 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрық шығарылды», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, қабылданған шаралардың арқасында Алматы қаласында 450 000 тұтынушының, оның ішінде 8 800 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Бұған дейін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылғы Құрылыс-монтаждау жұмыстары нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдап, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының үй ішілік газ желілерін табиғи газға қосу кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты қызметін орынсыз деп таныған болатын.