Депутаттардың сынынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өңірлердегі тозған және апатты жағдайды жылу энергетика орталықтарын қашан аралайтынын айтты.
Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президент Қазақстандағы тозған – апатты жағдайдағы жылу орталықтарына баратынын айтып, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке өңірлерді аралауға кеңес берген.
27 маусымдағы Үкімет отырысында министр бұл мәселені бақылауға алғанын жеткізді.
«Қысқа дайындалу үшін министрлік жанынан оперативті штаб құрылды. Оны өзім жеке бақылаймын. Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында Жылумен қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында өңірлерді аралау талабы қойылды. Осыған байланысты өңірлерге барудың кестесі түзетілді. Ертең СҚО-ға баруды жоспарлап отырмыз. Бір аптадан соң Риддердегі ЖЭО-ға барамыз. Осылай, 1-2 аптада барлық энергетикалық нысанды аралауды жоспарлап отырмыз», – деді Алмас Сәтқалиев.
Бұған дейін, Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы жыл сайын апаттық станциялар саны артып келе жатқанын мәлімдеген болатын.
«Аудит 47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде жүргізілді. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын және 480 млрд теңге активтерді пайдалану тиімділігі тексерілді. Нәтижесінде 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде 6 млрд теңгеге бюджет қаражаты бойынша), 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығын анықталды», – деді Наталья Годунова.
Жалпы жылумен жабдықтау нысандарын салуға, жөндеуге 2020-2022 жылдар аралығында 250 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 84 млрд теңге бағытталған. Алайда елде Жылу электр орталығындағы (ЖЭО) жабдықтардың орта есеппен 66 пайызы, жылу желілерінің 54 пайызы тозған.