«Самұрық-Қазына» жыл сайын таза кірісінің 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын таза кірісінің 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударып отырады. Қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі өз Жарғысына осындай өзгеріс енгізді. Бұл шешім жайлы Қазақстан қор биржасына жолданған хабарламада жазылған.

Акционердің жалпы жиналысы 19 маусымда өткен. Жиында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы №1418 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу» мәселесі қаралған.

Нәтижесінде Қор «Қазақстан халқына» коммерциялық емес ұйымға таза кірісінің кемінде жеті пайызы мөлшерінде жыл сайын қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған.

Бұл бастаманы Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында мәлімдеген еді. 13 сәуірде Үкіметтің баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» жыл сайын табысының 7%-ын «Қазақстан халқына» қорына аударуға міндеттелетіні жайлы хабарлаған.

Сонымен қатар, Жарғы 15-6 тармақшасымен толықтырылмақ. Онда «Қордың ұсынуы бойынша Қордың немесе Қор тобының ұйымының бір көзден алу тәсілімен, оның ішінде Қазақстан Республикасы экономикасының орнықты дамуына ықпал ететін әлеуметтік маңызы бар, DOC ID KZCZE5F20231003471047452CE өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде сатып алуды жүзеге асыруы туралы шешім қабылдауы;» деп жазылған. Осы өзгеріске сәйкес, Қор «орнықты дамуға» ықпал ететін жобаларға қатысатын компанияларды өзі бір көзден таңдай алады.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар. 

Жақында Қордың экономика және қажы жөнінде басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылы 1,922 триллион теңге таза пайда тапқанын айтты. Соның 322 миллиард теңгесін жалғыз акционері – Қазақстан үкіметіне дивиденд ретінде төлеуді жоспарлап отыр. Ал «Қазақстан халқына» қорына биыл кемінде 66 миллиард теңге бағыттамақ.

Сондай-ақ оқыңыз