Тоқаев Ресейдегі бүлік кезінде Путиннің әрекетін толық қолдағанын мәлімдеді
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар тапсыру барысында жақында Ресейде болған бүлікке қатысты да айтып өтті.
Оның айтуынша, жаңалықты жай ғана жариялап қоймай, оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын көрсету, ұлттық мүддемізді көздейтін сапалы талдау жасау маңызды.
«Шетелде және біздің геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды объективті түрде жариялап көрсету бойынша отандық журналистердің алдында жауапты міндет тұр. Бұл міндетті сәтті орындау сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мысалы, жуырда Ресейде болған оқиғаны жариялап көрсету барысында осылай болды. Азаматтарымыз бұл бүлік әрекетін алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Ол түсінікті. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқанбыз. Екі елді мыңдаған гуманитарлық байланыстар мен қатынастар біріктіреді», – деді Президент.
Ол сондай-ақ, Ресейдегі оқиғалар кезінде Владимир Путинмен телефон арқылы хабарласып, оның әрекетін толықтай қолдағанын жеткізді.
«Басынан бастап, Ресей Федерациясының Президентімен телефон арқылы сөйлесу кезінде, өз тарапымнан елдің конституциялық құрылымын және заңдылығын сақтау мен нығайтуға бағытталған оның әрекеттерін толық қолдайтынымды жеткіздім. Ресей мемлекеті мен жалпыұлттық лидерінің тұлғалық әлеуетін ескере отырып, бұған ешбір күмәнім болған емес. Біз Ресей Президентінің осы күзге жоспарланған Қазақстанға сапарын талқыладық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Тоқаев Ресеймен алдағы уақыттағы ұзақмерзімді және тұрақты стратегиялық серіктестік форматындағы жан-жақты ынтымақтастығын нығайту жөніндегі Қазақстанның нақты ұстанымын растады.
«Мұндай ұстаным біздің халқымыздың мүддесіне толықтай сәйкес келетініне сенімдімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске саламыз, Ресейде, «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырды. Жағдай 23 маусым күні ушықты. Сол күннің кешінде «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігін өзінің жалдамалы әскерінің «арттағы лагерлеріне» зымырандық шабуыл жасады деп айыптады. Осыдан кейін «Вагнер» жетекшісі кек қайтаратынын мәлімдеді. Ал Пригожиннің баспасөз қызметі қызметі әскрилерді бұл жағдайға араласпауға шақырып, «жалдамалыларды тоқтатуға тырысқандардың әскери техникасын қиратамыз» деп үндеу жариялады.
Өз кезегінде Ресей президенті халыққа үндеу жасап, Әскери күштер мен басқа да мемлекеттік органдарға қарулы көтерілісті ұйымдастырғандарды залалсыздандыру туралы бұйрық бергенін айтты.
«Бұл – ту сыртыңнан пышақ сұғу! 1917 жылы дәл осындай соққы болды, орыстар – орысты қырды. Бұдан Батыс пайда көрді. Билік Ресейдің екіге бөлінуіне, оның қайталануына жол бермейді, біз халықты қорғаймыз», деді.
25 маусым күні «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин Мәскеуге шабуылдау ниетінен бас тартты. Ол Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресей аумағында өз жауынгерлерінің қозғалысын тоқтату туралы ұсынысын қабылдады. Бұл туралы екі тараптың баспасөз қызметі хабарлады. Олар жеке әскери компания жауынгерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік бере отырып, шиеленіс тудырмауға келіскен.