Жылыту маусымына әзірлік ақсар болса «кадрлық шешімдер қабылданады» – Смайылов
Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайныдық барысында әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшіліктер бар екеніне мән берді.
Айтуынша, жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бастамаған, тіпті, оны келесі жылға қалдырған өңірлер бар.
«Мысалы, Атырау Жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының 1-ГРЭС-індегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының дерегінше, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу: 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәселесін пысықтауы керек екенін атап өтті.
Сонымен қатар Премьер-Министр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды.
Энергетика министрлігі алдағы жылыту кезеңінде қауіпті аймаққа енгізілген энергетикалық кәсіпорындарды анықтады. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында мәлімдеген болатын.