Энергетика министрлігі апатты жылыту қазандықтарын жөндеуге қаражатты қайдан алады?

Жарияланды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Энергетика министрлігі алдағы жылыту кезеңінде қауіпті аймаққа енгізілген энергетикалық кәсіпорындарды анықтады. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Меншік иелері тарапынан жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың болмауына байланысты әкімдік, Өскемен жылу желілері және Риддер жылу электр орталығы акционерлік қоғамының арасында станцияда жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды. Қазір мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар қажетті материалдар сатып алынады, құбыр өнімдері жылу электр орталығына әкелді. Сондай-ақ жылу желілеріне жөндеу жүргізіліп жатыр», – деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ министр Қаржы министрлігімен бірлесіп Үкімет және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

«Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазір 7 қазандықта жұмыс жүргізіліп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді», – деді министр.

«Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының Екінші жылу электр орталығында №1 қазандығын жөндеуді аяқтау мерзімі мамырдан тамызға дейін 3 айға ұзартылған.

«№7 жаңа қазандықтың құрылысы бойынша қазандық барабанының жарамдылығы туралы сараптама жүргізу қажет. Жезқазған жылу электр орталығында № 4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет», – деді Сәтқалиев.

Кентау жылу электр орталығында қазандықтарға жөндеу жұмыстары 2015 жылы, ал күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген.

«Биыл 4 қазандықты №8, 9, 10, 11 реконструкциялау жоспарланған. Қажетті 7,5 млрд теңгеден облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Әкімдік жергілікті бюджеттен қаражат іздеу жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді Сәтқалиев.

Сондай-ақ министр энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблема болып отырғанын айтты.

«Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 15 млрд 574 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» мекемесінің алдында 6 млрд 541 млн теңге сомасында берешегі бар», – деді министр.



Сондай-ақ оқыңыз