IT саласында көпке танымал 5 қазақ қызы

Жарияланды

Фото: kursiv.media

IT саласында әйел не ер деген түсінік болмауы қажет. Өйткені бұл саланың ауқымының кеңдігі сонша – кез келген адамға орын табылады. Kursiv тілшісі ақпараттық технологиялармен «дос» болып жүрген ең үздік 5 қазақ қызын тізіп шықты.

Алдымен IT саласы дегенде оның тек код жазу, сайт не платформа жасауды білдірмейтінін айта кету керек. Мұнда бағдарламалаудан бөлек, маркетолог, дизайнер, UX/UI дизайн мамандары, проджект-менеджер, SMM, Data Science, мануал немесе автомат тестілеу секілді дүниелерді орындай алатын мамандарды қажет ететін иммерсив технологиялар (VR/AR) да бар. Сондықтан бұл индустрияда жан-жақты тәжірибе, сыни ойлау қабілеті аса қажет. Сондықтан IT-саласын гендерге бөлуге болмайды дейміз. Бағдарламалаудың жілігін шағып, майын ішкен қыздарды табуға қиынға соқпайды. Карьера жолында жетістікке жетіп, өзін дамытқысы келетіндерге әрдайым жол ашық. Гуманитарлық, шығармашылық, техникалық мамандықтардың қайсысын меңгерсе де, орын табылады. Бұл саланың тағы бір артықшылығы – өміріңізді еркін жоспарлауға, жеке дамуға көңіл бөлуге мол мүмкіндік беретінінде. Әлемнің қай бұрышында жүрсеңіз де, интернет пен гаджет арқылы жұмысты орындап жүре аласыз. Әрі еңбек ақысы да салыстырмалы түрде жоғары. Кейбірі өз стартапын бастап жатады. 

  1. Толқын Нұрышева. Microsoft Қазақстан компаниясының клиенттермен жұмыс бөлімінің директоры. IT саласындағы жұмыс өтілі – 17 жыл. Қарағандының тумасы. Төрт тіл біледі: қазақ, орыс, ағылшын және түрік. Кейінгі бес жылда жүгірумен айналысып жүр. 5 мәрте толық марафонды (42,2 шақырым) жүгіріп өткен. Қазақстанның жеңіл атлетикадан (Masters санаты бойынша) чемпионы атанған. Тұрмыста, екі баласы бар. Толқын Comode редакциясына берген сұхбатында былай дейді: «Қазақстан – дәстүрге берік ел. Әйел топ-менеджерлер өз потенциалына дұрыс баға ала алмай жатарын кездер болады. Көп компанияда жауапты қызметке ер адамды қойғанды құп көреді. Шетелде талантты әйел басшылардың мүмкіндігі молырақ. Әрине, жұмысты қай жерден іздеп жүргеніңізге де көп нәрсе байланысты. Жалпы алғанда гендерлік теңсіздіктің ұшы көрінсе де, батыс компаниялары мұндайды дереу тоқтатып, ортаға түседі. Өзім істейтін Microsoft компаниясы да сондай. Біздегі ресми статистикаға қарасақ, орта және шағын бизнес субъектілерінің жартысына жуығында басшы әйел екен. Экономикалық белсенді азаматтардың да жартысы – әйелдер. Бірақ қалай десек те, әйелдердің карьера жолында биікке көтерілу үшін олар отбасындағы міндеттерді де қатар орындауға мәжбүр. Қоғамымыз бұл тұрғыдан санасын енді-енді өзгертіп келеді. Бірақ, дұрыс жоспарлау, білім, қажет қабілеттердің арқасында әйелдердің жылдам дамитынын көріп отырмыз. 
  2. Әсем Нұрғалиева. Kazpost Digital CEO-сы. ТОП деңгейдегі әйел басшылардың бірегейі. «Қазпоштаның» барлық дижитал бағытына жауапты. Соның ішінде қаржылық-техникалық жағын дамыту, bank as a service, дижитал бөлімнің жұмысын жүйелеу сынды міндеттер мойнында. IT мен қаржы саласында 18 жылдан астам тәжірибесі бар. Жақында ғана Solva директорлар кеңесінің құрамына кірді. «Нәтижеге жұмыс істеп, стресске төзімді болу өте маңызды деп есептеймін. Шет тілі мұғалімі болып жүрген жерімнен Бірінші кредиттік бюро ұжымына сіңіп кетуіме нәтижеге бағытталған жұмыстың пайдасы тиді. Қаржы саласындағы 14 жылдан астам уақыт істеген тәжірибемнің де бергені көп болды. Өйткені осы уақыт ішінде зейнетақы жүйесі, банк, инвестициялық компания, сақтандыру салаларында жұмыс істедім. Одан бөлек, мотивация мен құштарлықтан өзге аналитикалық ойлау қабілеті маңызды. Ақпараттық технологиялар саласында логика мен аналитика аса қажет» дейді Әсем Болатжанқызы.
  3. Жазира Гариполла. Америкада Google компаниясында Software Engineer болып істейді. Атырауда дүниеге келген. ТШО-да мұнай саласында еңбек өтілін бастаған ол IT-ге ауысқан. Күйеуінің жұмысымен Бэлвьюге көшіп барып, кейіннен алпауыт компанияда жолдасымен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Google-дағы жұмысы туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жиі жазады. Кеңсе жайлы былай дейді: «Әр қабатта түрлі асхана таба аласыз. Вегетариандық, азиялық, еуропалық – қалауыңызға қарай. Әріптестермен жиналыс өткізіп болған соң, сол жердегі массаж орындыққа отырып, тынығып алуға болады. Үйде ит ұстайтын болсаңыз, ертіп әкеле аласыз. Жәшік толы ойыншықтар бар, солармен ойнап жүре береді. Кеңсенің үлкендігі сондай, ана шетінен мына шетіне дейін самокатпен жүру керек. Одан бөлек, бильярд, ойын приставкалары, автоматтар ойнайтын бөлмелер бар. Ноутбугыңызды үйде ұмытып кетсеңіз, tech-нүктеден ала тұруға рұқсат етіледі. Мұнда адаптерлер, кабельдер де бар. Ұйықтауға арналған бөлмеге кіріп, көрпе-жастығыңызды төсеп көз шырымын алып алуға болады. Маған ең қатты ұнайтыны – әр қабатта бар micro kitchen. Снек, жеміс-жидектің түр-түрі бар. Кофе істеп ішсеңіз болады» деп сипаттайды ол жұмыс кеңсесін.
  4. Салтанат Маширова. АҚШ-тың Нoneywell компаниясында киберқауіпсіздік бойынша advanced security architext болып жұмыс істейді. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде радиотехника, электроника мамандығы бойынша білім алған. Университетті аяқтаған соң «Қазақтелекомда» аз ғана уақыт жұмыс істеп, ІТ саласына ауысып кеткен. Мамандығын өзгертуге ІТ саласының қарқынды дамуы әсер еткен. Дегенмен бұл бағытта білімінің таяздығын сезініп, шетелде білім алуға бел буған. Осылайша «Болашақ» бағдарламасымен University of California, Irvine  жоғары оқу орында  networked systems бағытында 2013-2015 жылдары магистратурада оқыған. CISSP | GICSP | CISM | CISA сертификаттарына ие. Өзінің айтуынша, киберқауіпсіздік саласында мықты маман болу үшін халықаралық деңгейде болу қажет. Ал аталған сертфикаттар – соның бір дәлелі. Бірақ оны иелену үшін көп күш салу керек екен. Халықаралық дәрежедегі білім, оны ұстап тұру үшін жыл сайын білікті арттырып отыру қажет. Сертификация кодексінде этика бөлімі болады. Соған қол қойып, келісесіз. Ол жұмысты адал атқарып, білікті арттырып отырғаныңды көрсету үшін керек. Егер этиканы бұзғаның белгілі болса, сертификатты қайтарып алады. Бұдан бөлек, Салтанат -ISACA Nur-Sultan Chapter президентімі. ISACA — киберқауіпсіздік бойынша маманданған коммерциялық емес ұйым. Оған қоса, Women in CyberSecurity деген қауымдастық құрған. 
  5. Дара Түменбаева. Black Swan Tech компаниясының негізін қалаушы, бұрын Испания астанасы Мадридте орналасқан Amazon компаниясының кең­сесінде бағдарлама жасақтаушы болып жұмыс істеген. Ақпараттық технологиялар салаынамектеп кезінен қызыққан. О.Жәу­тіков атындағы дарынды балаларға ар­налған республикалық мамандан­ды­рылған физика-математика орта мектеп-ин­тернатын тәмамдаған. Одан соң, Алматыдағы Ха­лықаралық ақпараттық технология уни­верситетіне компьютерлік модельдеу ма­ман­дығына оқуға түскен. Кейін бағ­дар­лама жасақтаушы мамандығы көбірек ұнайтынын түсініп, Малайзия астанасы Куала-Лумпурдегі Азия-тынықмұхиттық технология және инновация университетінде бағ­дарлама жасақтаушы мамандығы бойын­ша білім алады. Оқуды аяқтаған соң, сол қаладағы жергілікті компанияда бағ­дарлама жасақтаушы, кейіннен дата сайентист болып бірнеше жыл жұмыс істеген. Кейін «Амазонға» жұмысқа тұрған. Қазір өзі негізін қалаған компанияда түрлі жобалармен айналысады. 
Сондай-ақ оқыңыз