Іле-Балқаш резерватының аумағында қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіруге бірнеше жыл бойы қалыптасқан 1,5 метрлік қамыс қиындатып отыр.
«Өрт автотехникасының өтуі мүмкін емес және өрт орнына жету қиын болғандықтан, қол құралдарын: хлопушкаларды, мотопомпаларды және шанц құралдарын пайдалану арқылы өрт жер үсті тәсілімен сөндірілуде«, делінген хабарламада
Ақпаратқа сәйкес, жел бағытын ескере отырып, өрт ошақтарын қарама-қарсы өртпен сөндіру әдісі қолданылатын болады. Қазавиақұтқару тікұшағы су ағызу құрылғысын қолдана отырып, су төгуді жалғастыруда.
Өртті сөндіруге 80 адам және 22 техника жұмылдырылған. 29 маусым күні жетуі қиын жерлердегі өртті сөндіру үшін тікұшақпен десант жеткізілетін болады.