Жаңалықтар

Қазақстанда Су консорциумы құрылуы мүмкін

Фото: Үкімет

Гидрогеологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан су кеңесінің кезекті отырысында көтерілді.

Жиында су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша құзырлы органның және бассейндік инспекциялардың тиімділігін арттыру, тиісті мамандарды даярлау және жалпы су дипломатиясын нығайту мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар, Су ресурстары бойынша жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумын құру жоспары қарастырылды. Атап айтқанда, бұл ғылыми орталық жұмысы барлық мамандандырылған институттардың әлеуетін салалық даму бағдарламаларын әзірлеуге біріктіруге мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов Экология министрлігіне су шаруашылығы саласына цифрлық технологиялар мен тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді жеделдету қажеттігін тапсырып, бұл мониторинг пен жауапты мамандар жұмысының тиімділігін арттырып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Премьер-Министр құзырлы мемлекеттік органдарға Гидрогеологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасын әзірлеуді, жер асты суларының мониторингін автоматтандыру және басқа да геоақпараттық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Осыған дейін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында су тапшылығы мәселесі көтеріліп, Қазақстанның ірі қалаларында су тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы төлқұжат енгізу ұсынылды.