Люксембург Қазақстанмен аэроғарыш және авиация саласы бойынша ынтымақтастық орнатады
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев шеьелдік қонақтың бұл сапары көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жол ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы алаңында өткен келіссөздері туралы сөз қозғады.
«Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақмерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан Сіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз», деді мемлекет басшысы.
Кездесу барысында олар көлік және логистика, цифрландыру, «жасыл» энергетика салалары, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырды.
Өз кезегінде жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстанмен аэроғарыш және авиация саласы бойынша ынтымақтастық орнататынын айтты.
«Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық, деді министр.
Атап айтқанда, сейсенбі күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстаннан Люксембурге ұшатын әйе рейстері 3 есе өсіп, 21-ге жететінін айтты. Бұған дейін тек чартерлік рейстер ғана орындалатынын айтқан министр енді тұрақты әуе тасымалдары жолға қойылатынын, Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалын орнатуға келіскенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жан Ассельборн бұдан басқа да халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.