Жаңалықтар

Қазақстанда ұсталған ресейлік азаматқа АҚШ пен Ресей бірдей сұрау салып отыр

Фото: kursiv.media

F.A.C.C.T. киберқауіпсіздік компаниясының қызметкері Никита Кислициннің Қазақстанда ұсталғаны мәлім болды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан тарапы Кислицинді АҚШ-тың сұрауы бойынша 22 маусымда ұстаған.

Қазіргі таңда Қазақстанның жауапты органдары АҚШ-тың сұрауы бойынша экстрадициялау негіздерін зерттеп жатыр. Никита Кислициннің ұсталуы он жыл бұрын журналист болып қызмет еткен жылдардағы оқиғалармен байланысты.

F.A.C.C.T компаниясының өкілі компанияға қарсы ешқандай талап жоқ екенін, компания қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

«Біз Кислицинді Қазақстан аумағында қамауға алуға заңды негіздердің жоқтығына сенімдіміз. Компания өткен аптадан бері Никитаға барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр, арнайы заңгерлерді жалдадық. Сонымен қатар біз Ресей Федерациясының Қазақстандағы Бас консулдығына біздің қызметкерді қорғауға көмектесу үшін үндеу жібердік», делінген хабарламада.

Сонымен бірге Мәскеудің Тверь аудандық соты 28 маусымда деректерге заңсыз қол жеткізген деген күдікпен Кислицинді сырттай қамауға алды. Мәскеу қалалық сотының материалында тергеу оны заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізгені үшін қамауға алуды сұрайтыны айтылған.

Өз кезегінде, Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан билігіне нота жіберді. Онда Ресей тарапы оның қандай жағдайда ұсталғанын анықтауды және өз азаматының құқықтар мен мүдделері шектелмегенін анықтау үшін онымен кездесуге рұқсат сұраған. Сонымен бірге консулдық Қазақстан билігінен Ресей азаматын АҚШ-қа жедел экстрадициялауға асықпауға шақырды.

Ал сейсенбі күні ҚР Бас прокурорының орынбасары Ұлан Байжанов Кислицин Ресей азаматы болғандықтан, Ресей тарапының сұранысы басымдаққа ие екенін мәлімдеді.

«Біз ең алдымен азаматтыққа қараймыз. Бұл жағдайда басымдық ресейлік тарапқа тиесілі. Бірақ біз ол азаматқа тағылып отырған барлық әрекеттердің, соның ішінде Ресей тарапынан тағылған айыптардың ауыр екеніне көз жеткізуіміз керек», деді Байжанов.

Сонымен бірге прокуратура өкілі Астана Ресей мен АҚШ-тың өтініштерінде көрсетілген негіздерді мұқият қарайтынын, АҚШ-та оған тағылған айыпқа Қазақстанда қылмыстық жаза бар-жоғын анықтайтынын айтты. Сонымен бірге Қазақстан тарапы жағдайды толық анықтап барып, шешім шығаратынын мәлімдеді. Бұл орайда бас Прокурордың орынбасары Кислициннің Қазақстаннан пана сұрауға құқы бар екенін де атап өтті.

Никита Кислицин 2006-2012 жылдары ақпараттық қауіпсіздік пен кибершабуылдарды зерттеуге арналған «Хакер» журналын басқарды. 2013 жылдың қаңтарында Кислицин Илья Сачков негізін қалаған Group-IB қазіргі F.A.C.C.T киберқауіпсіздік компаниясына жұмысқа орналасты. Ол бұл жұмыс орнында күрделі кибершабуылдарға кешенді қарсы тұру шешімдерін әзірлеу бөлімін басқарды.

F.A.C.C.T компаниясының негізін қалаушы Илья Сачков та қамауда. Ол Ресейге опасыздық жасады деп айыпталған. Оған қатысты сот 6 шілде күні қаралады.