Ресейлік нарықтан Қазақстанға қоныс аударған компания басшысы санкцияларды бұзған – Reuters

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2022 жылдың ортасында Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін АҚШ-тың Extreme Networks технологиялық компаниясы ресейлік нарықтан шығып, Қазақстанға көшіп келеді. Ал фирманың топ-менеджері Сергей Гусаков Ресейге IT жабдықтарын алуға көмектесіп отырған, деп хабарлайды Reuters.

Агенттік дереккөздерінің хабарлауынша, бұрынғы кеңестік республикалар бойынша Extreme компаниясының басшысы болып қызмет еткен Сергей Гусаков ресейлік тұтынушыларды IT жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың сәуірінде жекеменшік «Вектор-Т» компаниясын құрған. Extreme-нің Қытайдағы бәсекелесі саналатын компания арқылы америкалық микропроцессорлармен жабдықталған гаджеттерді кіргізіп, Ресейге экспорттауға тыйым салынған чиптерді жеткізіп отырған.

Компания Ресейден Қазақстанға қалай көшті?

Өткен жылдың сәуір айында Extreme Ресейдегі аймақтық өкілдігін қайта құрылымдап, Гусаков пен Мәскеудегі кеңсенің тағы бірнеше қызметкері Қазақстанға қоныс аударады. Ал Сергей Гусаковтың өзі компанияға 2010 жылы келіп, ТМД бойынша аймақтық менеджер қызметін атқарады. Қазақстанға көшкенде ол өз қызметін сақтап қалады. Сол айда Гусаков Ресейдің Орел қаласында «Вектор-Т» компаниясының негізін қалайды. Басылым жеке компаниясын құрғаны туралы Extreme-ге ескертпегенін жазады.

Ал 2022 жылдың жазында Гусаковтың әріптесі компания басшылығына Гусаковтың Ресейде жабдық сатуға қатысуы компания ережелерін бұзуы мүмкін екенін ескертті. Қызметкердің шағымында «бұзушылық Украинадағы соғыс жағдайында «Extreme» беделіне ауыр соққы болатыны» айтылған.

Фирма өкілдері «Вектор-Т» қызметінің «Extreme» бақылауына кірмейтінін айтып, түсінік беруден бас тартқан. Ал Гусаковтың компаниядағы қазіргі жағдайы туралы сұрақтарға жауап бермеген. Алайда оның профилі америкалық компанияның веб-сайтынан 23 маусымда Reuters агенттігі сұрау салғаннан кейін алынып тасталған. Ал LinkedIn іскерлік байланыстарына аранлаған әлеуметтік желіде Сергей Гусаковтың профилінде оның әлі де Extreme Networks-те жұмыс істейтіні көрсетілген.

Сондай-ақ америкалық компания Гусаковтың әрекетін компанияның заң бөлімі мен тәуелсіз кеңесшілер тергеп жатқанын хабарлады. Компания сонымен бірге «АҚШ-тың экспорттық бақылау жөніндегі міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтынын» және Ресейде бизнес жасамайтынын мәлімдеген. Агенттікке берген сұхбатында Гусаков өзінің Ресей Федерациясында бизнесі ашылғаны туралы ақпаратты «ойдан шығарылған» деп атады.

«Вектор-Т» веб-сайтында компания ресейлік нарық үшін компьютерлік желі жабдықтарын әзірлеп, өндіретіні жазылған. Заңды деректерге сәйкес, компанияның өткен жылғы табысы шамамен 1 миллион долларды құраған.

Қытайда жасалатын «Вектор-Т» өнімдері американдық микрочиптерді пайдалана отырып шығарылады

«Вектор-Т» сататын құрылғылар Қытайда Yunke China Information Technology компаниясында өндіріліп, DCN брендімен жұмыс істейді. Reuters жариялаған фотосуреттерде DCN және «Вектор-Т» брендтерімен сатылатын гаджеттердегі чиптердің бірдей екенін көрсетілген. Сонымен бірге DCN өнімдерінде америкалық Marvell Technology және Lattice Semiconductor технологиялық компаниялары шығарған микрочиптер қолданылған.

DCN жоғары лауазымды қызметкері компанияның кейбір өнімдерінде Marvell жартылай өткізгіштерін пайдаланатынын айтып, американдық компанияның «Қытайда көптеген делдалдары» бар екенін мәлімдеген. Сонымен бірге DCN қытайлық компания өкілі Marvell және Lattice компаниясының өнімдерін Ресейге экспорттауға рұқсатының бар-жоғы туралы түсінік беруден бас тартқан.

Ал Lattice басшысы бастапқыда DCN компаниясының өздерінің компьютерлік чиптерін пайдаланып жатқанын айтып, кейінірек бұл мәлімдемесінен бас тартқан. «DCN өнімдерінде американдық технологияның үлесі өте аз», – деген ол. Lattice Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ол елмен сауда-саттықты тоқтатқанын мәлімдеген.

Сонымен бірге Marvell де өз өнімдерін Ресейге сатпайтынын хабарлады. Компания талаптарына сәйкес Қытайдағы барлық дистрибьюторлар мен олардың тұтынушылары өнімдердің Ресей Федерациясында қайта сатылмайтынын растайды. Дегенмен Marvell кейде тауарлардың қайда кететінін бақылау қиынға соғатынын айтқан.

«Дистрибьютордың кейбір тұтынушылары Marvell басқара алмайтын компанияларға өнімдерін одан әрі қайта сатуы мүмкін», деп мәлімдеген компания өкілі.

Гусаков пен «Вектор-Т» DCN технологиясын пайдалану туралы түсінік беруден бас тартты. DCN өнімінің Ресейге экспортталғанын растады, бірақ «Вектор-Т» компаниясымен іскерлік қарым-қатынасы туралы ақпаратты да ашпаған. Ресейлік кеден мәліметтері бойынша, 2023 жылдың 31 наурызына дейінгі 12 ай ішінде DCN Ресейге кемінде $11 млн тұратын жабдық экспорттаған.

Бұл жағдай 2022 жылдың ақпанында енгізілген Ресейге қарсы санкциялар мен технологиялық компанияларға қойылған экспорттық шектеулердің жұмыс істемейтінін көрсетеді, деп жазады Reuters.

Extreme Reuters агенттігіне өз өнімдерінің «қате арналарға кетіп қалғанын» растап, АҚШ реттеушілері қазіргі және бұрынғы қызметкерлерді тексеріп жатқанын және экспорттық бақылауды күшейтетінін хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз