Сенаторлар Назарбаевты тағы бір мәртебесінен айырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото shutterstock

Фото: kursiv.media

Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.

Бұл норма «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қамтылған.

Палатаның жалпы отырысында депутаттар жоғарыда аталған заңға енгізілетін өзгерістерді қарады.

«Жоғарғы қамқоршылық кеңестің төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті немесе Президент тағайындайтын адам болады. Ал жоғарғы қамқоршылық кеңес туралы ережені жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы бекітеді», – делінген заң жобасы қорытындысында.

Айта кетейік, 2011 жылғы заң нұсқасында Қазақстанның экс-басшысы қамқоршылық кеңес басшысы ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар, депутаттар НЗМ-де дарынды балаларды оқытуға арналған «Өркен» білім грантының тағдырын енді Нұрсұлтан Назарбаев емес, еліміздің қазіргі президенті шешеді» деген норманы бекітті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарды. 2019 жылдың наурыз айында ол өз еркімен президенттіктен кетті. Сол кезде Сенат спикері қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы болды. Содан бері парламент Назарбаев пен оның отбасын ерекше мәртебе мен артықшылықтардан айыратын бірнеше заңдар қабылдады.

Назарбаев қандай мәртебесінен айырылды?

2023 жылдың 15 ақпанында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Елбасы туралы» заң ресми түрде күшін жойды. Былтыр 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өткен. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды.Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.

Қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығынын 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқартты.

Наурызда Президенттердің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленбейтіні белгілі болды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев экс-президент Назарбаевтың канцеляриясы қажет пе деген сұраққа жауап беріп, «экс-президенттің канцеляциясын қысқарту – батыс елдерінде бар үрдіс» деп мәлімдеген еді. Жақында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі бір жарым ай ішінде жабылатынын айтты.

Сонымен қатар енді Мемлекеттік күзет қызметі Назарбаевты қорғамайды. Мұндай өзгеріске «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылуы себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз