441 млн теңге жымқыру ісі: Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалды тағы 8 жылға бостандығынан айырды

Жарияланды
Фото: Архив Kursiv.media

Қызылорда қаласының №2 соты Гүлмира Сатыбалдыны бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Айта кету керек, бұған дейін Астанадағы Байқоңыр ауданының №2 соты Гүлмира Сатыбалдыны 7 жылға айыру туралы үкім шығарған болатын.

Қызылорда қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде қаржы жымқырған 7 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта Гүлмира Сатыбалдының 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы бөлігін жылумен жабдықтау жұмыс жобасы бойынша жұмыстар атқармай, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырғаны анықталды.

Ал сотталушылар Б., Ж., Е., Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен өздерінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, аса ірі мөлшерде сеніп тасырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу арқылы жымқырғаны, сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмыстарға өткізу актісін жасақтап қол қойғандары анықталды.

Қызылорда қаласының №2 соты ақпаратына сәйкес, сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн теңге зиян келтірілген.

Ақпаратқа сәйкес, сотталушылардың кінәсі сотталушы Б.-ның кінәні мойындау туралы арызы, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамалары, «А» ЖШС-нің бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптары арқылы дәлелденді.

Прокурор сотталушы Сатыбалдыны 8 жылға, Б., Ж., Е., Қ. – 7 жылға бас бостандықтарынан айыруды, ал Д. мен Б.-ға – 7 жыл шартты жаза беруді сұрады.
Сотталушылардың адвокаттары оларды ақтауды сұрады.

Сот Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы С.-ға 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушылар Б., Ж., Е. және Қ.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Б. және Д.-ға 7 жылға шартты түрде сотталды.

Мемлекетке келтірілген 441 млн теңге шығын толықтай өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, бұған дейін Астана қаласындағы Байқоңыр ауданының №2 соты Гүлмира Сатыбалдыны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кескен болатын.

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Іс барысында ол кінәсін ішінара мойындады.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілер: Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов. 

2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астанада Байқоңыр аудандық соты Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Содан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сатыбалдыға қатысты басқа да қылмыстық істер бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз