Аида Азаматқызы: Балалар дамуын зерттейтін институт жоқ

Жарияланды

Жеке балабақшаларға 2024 жылдан бастап біртіндеп лицензиялау енгізіледі. Бұл дегеніміз мектепке дейінгі ұйымдардың стандартқа сай жұмыс істеуі үшін уақыт беріліп отыр деген сөз. Кейбірі мұны дұрыс қадамға баласа, енді бірі қарсы шығып жатыр. Жеке балабақшалар мәселесін Babyboom балабақшалар желісінің негізін қалаушы Аида Азаматқызымен сұхбаттастық. 

Жеке балабақша ашу идеясы қайдан келді?

– 2020 жылы екі ұлымды балабақшаға бергім келіп, біраз іздедім. Бағасы қалтаны қақпайтын болса дедім. Білім жағынан көңілден сәл де болса шыққандарының құны тым қымбат болды. Бір балаға 200 мың теңгеден астам соманы екінің бірі төлей алмайтыны белгілі. Мен үшін де солай. Әрі тіпті қымбат, мықты дегендерінің өзі 100 пайыз қалауымдағыдай болмады. Ол жылдары мектепке дейін білім беретін ұйымдар нарығы онша дами қоймаған кез. Бар болғаны балалар кешке дейін ойнайтын, уақыт өткізетін жер болатын. Ал әдістеме, даму бағдарламасы әлсіздеу-етін. Осылай іздей келе өзім алғашқы балабақшамды аштым. Жаныма өзіммен бірге оқыған құрбым Мира Маратқызын алып, екеуміз іске кірісіп кеттік. Ол – операциялық директор. Әу баста өзім не қаласам, соны балабақшаға енгізгім келді. Ең бірінші – баға. Айына 60 мың теңге деп қойдық. Астана үшін бір күнге 3 мың теңгелік бақша – әбден қолжетімді. Оның ішіне баланың күніне ішетін бес мезгіл тамағы, алты түрлі сабағы кіреді. Бұдан да арзандау қылғым келген. Онымен өз құнын есептеп көргенде бұдан аз қоя алмайтынымызды түсіндім. Бір жылдай жұмыс істегеннен кейін көбі мемлекеттік тапсырыспен қабылдауымызды сұрай бастады. Жұмыстың жүріп жатқанын көріп, франшизаға сұраныс пайда болды. Әрине, бастапқыда басқарушы компания деген болмады. Франшизаны қаптап, әдемілеуді білмедік. Өте арзан бағада өзіміз не істеп жатсақ, соны қайталауын ұсындық.

Бүгінде қанша балабақша бар? Елордадан бөлек қай қалалардан аштыңыздар?

– Қазір 26 балабақшамыз бар. Негізі 30 болған, төртеуін жауып тастауға тура келді. Егер франшиза алғандар сапалы жұмыс істемесе, онда келісімшартты бұзамыз. Себебі бізге сапа маңызды. Жауып тастаған бір балабақшаны жақын танысымыз алған еді. Он жерден досымыз болса да, көңілден шықпаса жұмысты жалғастырмаймыз. Әрі франшизамен жұмыс істеп тәжірибе жинағалы, әжептәуір бейне қалыптастырып үлгердік. Біз іздеген серіктестің кім екенін, қандай екенін біліп тұрамыз. Бүгінде Астана, Алматы, Қызылорда және Ақтауда балабақшаларымыз жұмыс істеп тұр.

Жеке балабақшаларды лицензиялау керек деген бастама жасалып жатыр. Бұған көзқарасыңыз қандай? Кейбірі қарсы шығып жатқанын білеміз.

– Өте дұрыс деп есептеймін. Лицензиялау керек, міндетті түрде. Біз бұрын бір қауымдастыққа мүше болғанбыз. Олар лицензиялауға қарсы болды. Ал мен қолдадым. Сөйтіп менің қолдайтынымды естіген соң, маған ол тараптан біраз хейт келді. Мен неге қолдаймын? Біріншіден, еңбегін адал атқармайтын әріптестерді азайтқым келеді. Әрине, лицензия алу үшін көп жүгіру керек, шаруасы жетіп артылады. Дегенмен біз өзімізге толықтай сенеміз. Мысалы, кей балабақшаларда өзі әдіскер, өзі тәрбиеші, өзі есепші болып жүргендер бар. Ал біз болсақ, стандартқа сай болу үшін өнімге мол қаражат құямыз. Әр сабақтың сценариін дайындаймыз. Ал кей әріптестеріміз олай «терлемей» бізбен бірдей жағдайда жұмыс істеп жатыр. Бұл әділетсіз деп ойлаймын. Қазіргі ата-ана да ақымақ емес. Сапаны біледі, жақсы мен жаманды ажырата алады.

Жүйеде артқа тартатын, кедергі болатын қандай мәселелер бар?

– Ең басты кедергі – кадр тапшылығы. Мысалы, педагогикаға түсу үшін шекті балл өте төмен. ҰБТ-дан керек баллды ала алмасаң, педагогикаға түсесің де, диплом алып балабақшаға жұмыс кіресің. Ал ондай маманмен жұмыс істеу өте қиын. Жұмысқа деген жауапкершілік төмен болады. Қарап тұрсаңыз, балалармен күні бойы жүретін – сол кісілер. Ал Кеңес мектебінің түлектері кемінде елуден асқан. Жаңа әдістемені үйренуге құштар бола бермейді.

Бұл мәселені шешудің қандай жолы бар деп ойлайсыз?

– Әрине, білігін арттырып, жол көрсететін академия болса дейсің. Кім расында балалармен жұмыс істегісі келсе, соларға үйреткен жақсы. Бүгінде біз қауымдастық құрдық. Атауы әлі нақтыланбады. Бірақ осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Әдіскерімізбен бірлесіп трениңдер жазып жатырмыз. Барлық балабақшаға лайықтап,әзірлейміз. Осылайша әріптестеріміз қауымдастыққа мүше болып, білігін арттыра алады.

Кадр таңдағанда не нәрсеге мән беру керек? Жақсы маманды сынаудың жолы бар ма?

– Басында маман тәжірибеден өтеді. Адамның қандай екенін тану үшін үш күн жеткілікті. 24/7 бақылауда ұстай алмайтынымыз белгілі. Біз қалай істейміз? Тексерістен өтіп, әбден сенімге кірген қызметкерлеріміз бар. Сол адамдар біздің көзіміз һәм құлағымыз десек болады. Не болып жатыр, қалай болып жатыр – бәрін біліп отырамыз.

Ата-аналар да онлайн бейнебақылаудан бәрін біліп отырғысы келетін болар? Жалпы қандай сұраныс жиі түседі?

– Бізде онлайн бейнебақылау бұрын болды. Бірақ кейін алып тастадық. Ондағы себеп – педофилия. Экраннан кім қарап отырғанын, қай жаққа жарияланып кетуі мүмкін екенін білмейсің. Кейде балалар іш-киіммен жүгіріп жүруі мүмкін. Болмаса, балалар қай кезде алаңқайға шығатынын да бейнебақылаудан көріп отырасыз. Ойы арам біреу мұны пайдаланбасына кім кепіл? Осыларды ескере отырып, алып тастадық. Қаласа, кез келген уақытта жазбалар арасынан керек күнді тауып, көрсетеміз. Ал өзге сұраныстарға келсек, диагнозы бар балалардың ата-аналарынан түсіп жатады. Неврапотолог оларды қоғаммен байланыстыру үшін балабақшаға апару керек деп кеңес беруі мүмкін. Ондайда қабылдауға тырысамыз. Бірақ бір топқа бір-екі баланы ғана ала аламыз. Шыны керек, балабақша жасындағы балалар тату. Мектептегідей асқынған буллиң болмайды. Бастысы, қолындағы ойыншығын тартып алмасаң болды. Сол себепті диагнозы бар балалардың олай ортаға бейімделгені қайта пайдалы. Одан соң тамақтануға қатысты сұраныстар жиі түседі. Эко-мәзір сұрап жатады. «Сиыр сүтін бермесеңіздер, глютенсіз тамақ ішсе» деп айтады. Әрине, ата-аналарды түсінеміз. Қазір бағасы жағынан сәл қымбаттау болатын қосымша мәзір дайындасақ па деп ойланып жатырмыз. Бәлкім, келесі жылы қосып қалармыз.

Қазір әдістеменің түрі көп. Оның ішінде бізге сай келетіні қандай?

– Әлемде бар әдістеменің барлығымен дерлік таныспыз. Бізде фин, британиялық методикалар қолданылады. Мемлекеттік стандартты да сақтаймыз. Ал енді қазақы мәдениетке беймдеуге келсек, мұнда айтып өту керек біраз тұс бар. Мәселен, бізде Монтессори әдістемесімен жұмыс істейтін балабақша көп әрі танымал. Өз басым, бұл методиканы тиімсіз деп санаймын. Өйткені бұл мәдениет ата-анасы үйде де соны ұстанатындарға арналған. Біздің ата-аналардың дені «Монтессори» атауынан басқа ештеңе білмеуі де мүмкін. Бәрін өзі істейтін бала, бауын он сағат байлағанын күтіп отыратын ата-ана жоқтың қасы. Бізде күнкөріс қамымен бәрі қапылып өмір сүреді. Баланың беті-қолын ата-анас өзі сүртіп, қасықтап тамақ береді. Балабақшаға тездетіп апарып тастайды, кешке тағы солай: жылдамдатып киімін ауыстырып, тамағын береді, жуындырады, ұйықтатады. Бұл жерде ешқандай «өзі істеу» түсінігі жоқ. Мұның бір ұшы экономикалық жағдайға келіп тіреледі. Сондықтан бұл әдіс бізге келіңкіремейді деп есептеймін. Балабақшадан бір нәрсе үйретіп, үйде басқа нәрсе істету дұрыс емес. Одан нәтиже шықпайды.

Олай болса, бізге өз әдістемемізді ойластыру қажет болар?

– Біздегі мәселе – сол. Импортпен, басқалардың идеологиясы мен құндылығымен өмір сүріп жатырмыз. Қазір біз осы бағытта жұмысты бастап кеттік. Өз әдістемемізді әзірлеп жатырмыз. Бізге шамамен болса да үйлесетін методология жоқ. Ең жақыны Ресей болса, ол жақтан да таба алмайсыз. Ал Еуропа мен Американыкі сәйкес келмейді. Орта Азияға ортақ бір әдістеме керек. Өйткені ұқсас тұсымыз көп. Ал неге әдістеме жоқ? Себебі педагогикалық институт әлсіз. Балалар дамуын зерттейтін институт жоқ. Министрлік осымен айналысуы керек.  

Сондай-ақ оқыңыз